ҰБТ-ның алғашқы күнінде алматылық түлек 125 балл жинады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №178 лицейдің түлегі Әбдіжаппар Айғаным Бақытқызы Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы 125 баллды жинады. Ол тестілеуді Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының базасындағы ҰБТӨП-те тапсырған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлады.

Кеше ҰБТ тапсырудың бірінші күні өтті. Алғашқы күннің сынағынан сүрінгендердің саны 6233 адам болды. Олар минималды қажетті деңгейден өте алмады. Ал 100-ден жоғары нәтиже көрсеткендердің саны 3797 болды.

Ұлттық тестілеу орталығының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруға 92 086 бітіруші тілек білдірді. Оның ішінде 63 606-сы қазақ тілінде және 28 480-і орыс тілінде тапсырады.

Айта кетейік, 2 маусым күні тестілеуге 26 147 бітіруші қатысты, оны қазақ тілінде - 18 417, орыс тілінде - 7 730 түлек тапсырды. Тестілеу ҰБТ өткізу пунктінің 61 базасында өтті.

«Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер аудиториядан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған», - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар