ҰБТ-ны жазбаша емтиханмен алмастыру мүмкін бе - тестілеу орталығы түсіндірді
2022 жылғы 7 шілде 14:33

ҰБТ-ны жазбаша емтиханмен алмастыру мүмкін бе - тестілеу орталығы түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-ның орнына жазбаша емтиханды қайтару туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжіліс депутаттары ҰБТ-ның орнына жоғары оқу орнына түсудің жазбаша емтиханын балама ретінде қолдануды ұсынған болатын. Бұл мәселе күн тәртібінде қаралып жатыр ма?» деп сұрады журналист орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылы алғаш енгізілген кезде үлкен мақсат қойылған еді. Мұны ерекше атап өту керек, өйткені ауыл баласының жоғары оқу орнына түсуіне көптеген жағдай жасалды. Әрине, бұл қазіргі керемет мінсіз емтихан түрі деп айта алмаймыз. Бірақ қолда бар, қолданыста болған емтихан түрлерінің ішіндегі тиімдісі - осы ҰБТ болып тұр. Біздің орталықтың басты мақсаты – емтиханды адал өткізу. Академиялық адалдық – қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. 2019 жылы тестке кіргендерден 128 мың тыйым салынған зат алынса, биыл 400 есе азайып отыр. Бұл ашықтықтың нәтижесі деп ойлаймын», - деді ол.

Сондай-ақ, ол, биылғы ҰБТ-да сұрақтардың сапасына көп көңіл бөлінгенін айтты.

«ҰБТ нәтижесі бойынша ең көп сын мен дауға қалатын пән Қазақстан тарихы болатын. Қазіргі сұрақтар жаттаудан гөрі функционалдық сауатқа бейімделіген. Биыл Қазақстан тарихынан мән-мәтін сұрақтарының енгізілуі де - соның бір көрсеткіші. Ал жазбаша емтихан жүйесіне көшу мәселесі менің құзыретіме кірмейді. Біздің міндет – қазіргі ҰБТ-ның ашық әрі адал өтуін, ондағы сұрақтардың сапалы болуын қамтамасыз ету», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Аталған брифингіде Руслан Емелбаев Face-ID жүйесі інісінің орнына ҰБТ тапсырмақ болған жігітті орта жолдан қайтарғанын айтты.


Фото: ortcom.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT