ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатысуға болады - министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант конкурсына өткізуге болады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҰБТ жылына 5 рет өтеді. Ақылы негізде оқуға қатысты тестілеу қаңтар, наурыз, тамыз айларында қамтылады, ал грант конкурсына қатысу үшін мамыр-маусым айларында, яғни қазір өтіп жатқан негізгі ҰБТ нәтижесі қабылданады», - деді Қ. Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл талапкерлер ҰБТ -ны 2 рет қаңтар және наурыз айларында тапсырды. Қаңтардағы ҰБТ-ға 123 мың адам қатысып, оның 83% - ы шекті балл жинады. Наурыз айында 111 мың бала қатысып, оның 78% - ы шекті деңгейден өтті.

«Негізгі ҰБТ-ның маңызды артықшылығының бірі - оны тапсыруға екі мүмкіндік беріледі. Осы орайда тест тапсыратын бала ең жақсы нәтижені грант алу үшін конкурсқа жолдай алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілді», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырда осы жылдағы негізгі ҰБТ басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасады.

Биылғы оқу жылына 88 мың грант бөлінді.


Соңғы жаңалықтар