ҰБТ-ға ұялы телефон алып кірген екі түлектің тест нәтижесі жойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесін бұзып, сынақтан өтуге өзімен бірге ұялы телефон алып кірген екі түлектің нәтижесі жоққа шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ҰБТ 21 маусымда бастау алды. Биылғы түлектер үшін ол карантиндік шараларға қатысты 30 маусымға дейін жалғасады. Өңірде барлық мектеп бітірушінің 75,2%, яғни 2,5 мыңға жуық түлек ҰБТ-ға қатысады.

21 маусым күні жастардың алғашқы легі Жамбыл және Жұмабаев аудандарында тест тапсырды. Бірінші күннің қорытындысы бойынша ескерту болған жоқ.

Бүгін Жамбыл, Ғ. Мүсірепов, М. Жұмабаев және Айыртау аудандарында 311 түлек тестілеуге қатысты. Алайда екі талапкердің өзімен бірге ұялы телефон алып кіргені анықталып, олардың тест жауаптары күшін жойды.

Жалпы СҚО-да ҰБТ сегіз нысанда өтеді. Петропавл мектептерінің түлектері 24 маусымнан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде тест тапсырады.

«Биыл Петропавл бойынша 1629 адам тест тапсыруға өтініш берді. Бұл – мектеп және колледж түлектері. Биыл ерекшелік көп. Бұрын бір лекте 580 адам тестілеуге қатысса, енді 180 адамнан асыра алмаймыз. Бір аудиторияда 20 адамнан артық болмауы керек. Түлектер ғимаратқа кірмес бұрын арнайы тоннельден өтіп, дезинфекцияланады. Міндетті түрде маска киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтайды», - дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысының орынбасары Алмас Кенжеғалин.

Биыл сондай-ақ ҰБТ түлектердің рұқсат етілмеген заттарды өздерімен алып кірмеуіне аса мән беріледі. Мамандардың айтуынша, талапты бұзғандар бірден ғимараттан шығарылып, ҰБТ нәтижесі жойылады және сынақтан тек келер жылы ғана қайта өтеді.

Бұған дейін ҰБТ алғашқы күнінде 164 түлектен тест тапсыру барысында рұқсат етілмеген заттардың алынғанын айтқан едік.

Ал ҰБТ шеттетілген балалармен арнайы психологтар жұмыс істемек.


Соңғы жаңалықтар