ҰБТ ережесін бұзу 4 есе азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биыл ҰБТ ережелерін бұзу 4 есе азайғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7% жоғары. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. ҰБТ орташа балы - 66. Биыл ең жоғары балл – 139. 3179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары жинады», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, ол ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайғанын мәлім етті.

«Мәселен, былтыр 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл 327 жағдай тіркелді. Бұл 2020 жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әрбір тестіленуші үшін фронталды камера орнатуға байланысты. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылды. Көрсеткіш 4 есе төмендеген. Себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған болатын»,- деді Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, бұған дейін ҰБТ-ға оқушылардың шпаргалка, телефон алып кіргені хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар