ҰБТ-дан 139 балл алған үшінші талапкердің нәтижесі де тексеріліп жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы ҰБТ кезінде 139 балл алып ең жоғары нәтиже көрсеткен үш талапкердің екеуінің нәтижесі жойылған. Үшінші талапкердің де тест қорытындысы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

«Қазақстан бойынша 3 талапкер ең жоғары 139 балл жинады. Бірақ, өкінішке қарай, екі талапкердің осы 139 балға академиялық адалдықты сақтамай, ереже бұзу арқылы жеткені анықталып, ҰБТ нәтижелері жойылды. Қазіргі таңда үшінші талапкердің нәтижелері де тексеріліп жатыр», - деді Руслан Емелбаев.

Талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігі туралы да мәлімет берді.

«ҰБТ толық аяқталғаннан кейін постпрокторинг жүргізіліп, тестілеу нәтижелері тексеріледі. Былтыр 52 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылған болатын. Оның ішінде 38-і мемлекеттік грант иегері еді. Талапкердің ҰБТ кезінде алған нәтижесі жойылған жағдайда қаңтарда немесе наурыз айында тапсырған тест қорытындысының негізінде ақылы оқуына болады», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Бұған дейін аталған брифингте Руслан Емелбаев Face-ID жүйесі інісінің орнына ҰБТ тапсырмақ болған адамның анықталғанын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар