ҰБТ-да ереже бұзған 98 талапкер аудиториядан шығарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар айында өткен ҰБТ-да ереже бұзған 98 адам аудиториядан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сондай-ақ, 62 адам тыйым салынған заттарды кіргізбекші болған, олар да ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, ҰБТ штаттық режимде және еш форс мажорсыз өткен. Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасымен ұйымдастырылады.

«Тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысы мен қозғалысын жазу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмау үшін қажет. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қабылданған шаралар арқасында қаңтар ҰБТ-ның қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысу фактісі анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2022 жылы барлық 5 тестілеу қорытындысы бойынша тек 1 факті тіркелген еді.

Айта кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық талапкер шекті балл (50) жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 83%-ын құрайды. Ал 21 мыңнан астамы (17%) шекті балл жинай алмады.

Жалпы ҰБТ орташа балы - 76. Ең жоғары балл – 139, оған Қазақстан бойынша 5 талапкер қол жеткізген.

Сондай-ақ, IELTS сынағынан 5.5 және 5.0. ұпай алған талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмауы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар