ҰБТ: Бүгін мемлекеттік гранттан үмітті түлектер тест тапсырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20-30 маусым аралығында Қазақстанда мектеп түлектері кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет - қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Ал мемлекеттік білім грантын алу үшін жас түлек маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысуы тиіс.

Кезекті тестілеу республика бойынша 1188 аудиторияда өтеді. Оған қатысуға 117 242 адам өтініш берген. Оның 96 мыңнан астамы - биылғы мектеп түлектері (мектеп бітірушілердің 72%) болса, 20 мыңнан астамы - биыл және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарын бітіргендер.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы биыл өзгерген жоқ. Яғни, тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны және уақыты бұрынғы форматта қалады. Барлық аудиториялар ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамераларымен жабдықталған. Жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары тұрақты түрде жұмыс істейді.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар түлектерге жеке аудитория, сондай-ақ ҰБТ шеңберінде тапсырылатын пәндерден сабақ бермейтін көмекші, ымдау тілін білетін маман беріледі. Бұл үшін тестілеуге қатысатын түлек денсаулығы туралы анықтаманы ұсынып, өтініш беруі қажет.

Жалпы шекті балл көлемі де өзгермеген. Тек «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша шекті балл барлық жоғары оқу орындары үшін 50 балдан 60 балға көтерілді. Бұл - болашақ педагогтарды сапалы іріктеу мақсатында жасалған шара. Ал ұлттық жоғары оқу орындары үшін ҰБТ нәтижесі кемінде 65 балл, «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша - кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға - кемінде 50 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша - кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы - оқу тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл алуы қажет.

Ал, қысқартылған оқу мерзімімен оқуға түсуші колледж түлектері білім гранты конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 25 балл, оның ішінде жалпы бейіндік пән бойынша - кемінде 5 балдан жинауы тиіс.

Тестілеу нәтижесі сол күні ҰБТ тапсыру пунктілерінде жарияланады. Одан бөлек, министрліктің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында да ЖСН нөмірін теру арқылы немесе @edugovkz_bot телеграм боты арқылы тестілеу нәтижесін көруге болады.

Сондай-ақ, мектеп бітірушілерге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ беріледі. Ақпараттық парақ арқылы мектеп түлектері өз мамандығы бойынша қанша грант барын, қандай шекті балмен грантқа түсуге болатынын біле алады. Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және жинаған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік береді.

Грант санына келсек, 2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-і - магистратураға, 2 312-і - докторантураға (PhD) беріледі.

Соңғы жаңалықтар