ҰБТ: Биыл тест форматында өзгеріс болмайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл ҰБТ тапсыратындардың 75 пайызы қазақ тілінде тестіден өтуге өтініш берді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тест тапсыру тіліне қатысты тоқталсақ, түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243 адам (0,14%) ағылшын тілінде тестіден өтуге өтініш білдірді.

Биыл тест форматында өзгеріс жоқ. Пән саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пән қамтылған. Барлығы 120 тест сұрағы болады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатқа жалғасады», - деді Қ. Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тест тапсыруына қолайлы жағдай қарастырылған. Мәселен, олар ҰБТ тапсыру үшін қосымша 40 минутқа уақыт беріледі. Осы санаттағы азаматтар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырда осы жылдағы негізгі ҰБТ басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасады.

Биылғы оқу жылына 88 мың грант бөлінді.

Осы жылы ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант конкурсына өткізуге болады.


Соңғы жаңалықтар