ҰБТ-2022 талдау: Қазақтілді талапкерлердің нәтижесі жоғары

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы 2022 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне егжей-тегжейлі тақырыптық талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБТ-2022 нәтижелеріне талдау мектептер, ауылдар, аудандар, облыстар бөлінісінде жүргізілген. Сондай-ақ тестіленушілердің гендерлік ерекшелігі, тапсыру тілі және ҰБТ пәндері бойынша дұрыс жауаптарының саны мен пайызы анықталған.

Мәселен, еліміз бойынша дұрыс жауаптардың пайызы – 58% құрады. Ең жақсы нәтиже - «Оқу сауаттылығы» пәнінен, сұрақтардың 82% дұрыс жауап берілген. Одан кейінгі орындарда «Қазақ тілі» - 64% және «Қазақ әдебиеті» - 60%.

Ал ең аз дұрыс жауаптар «Физика» және «Химия» пәндері бойынша берілген - тиісінше 40% және 38%.

Гендерлік талдауға сәйкес, қыздардың (59%) нәтижелері ұлдарға (57%) қарағанда жоғары болған.

Қала балалары ауылдағы құрдастарына қарағанда ҰБТ-ны 3% жақсырақ тапсырған.

Облыстар бойынша ең үлкен айырмашылық Қостанай облысында байқалады. Өңірде қалада тұратын балалардың нәтижесі - 61%, ауыл балаларының нәтижесі 56% құрайды. Білімдегі ең аз айырмашылықты Қызылорда облысының түлектері көрсетті - 0,4% құрады. Мұнда қала балаларының көрсеткіші - 63,8%, ауыл балаларының көрсеткіші - 63,4% болды.

Тестілеуді тапсыру тілі бойыншақазақтілді талапкерлердің нәтижелері 0,4% артық.

Сонымен қатар ҰБТ-да тапсырылған әрбір пән бойынша тақырыптық талдау жасалды. Мәселен, «Математика» пәнінен тестілеуді қыздар (55%) жақсырақ тапсырып, ұлдардан 47% басым нәтиже көрсетті. Оқыту тілі бойынша көрсеткіштер орыс тілінде 51%, қазақ тілінде 49% құрады. Түлектер үшін ең күрделі тақырып «Тригонометриялық теңдеулер» болды. Бұл тақырып бойынша дұрыс жауаптардың үлесі небәрі – 35%. «Екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер жүйесі. Екі айнымалысы бар сызықтық емес теңдеулер жүйесі» тақырыбындағы тапсырмаларды жақсы орындап, 71% нәтиже көрсетті.

«Өңірлерге жұмыс сапарлары барысында мен облыстық білім басқармаларын осы деректермен таныстырамын», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске салайық, тестілеуге дайындық сапасын арттыру мақсатында 2022 жылғы наурызда ҰТО тестілеу нәтижелеріне жеке тақырыптық талдауды енгізді. Емтихан аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алды. Яғни, тестіленушілер жеке тақырыптар бойынша өздерінің әлсіз жақтарын анықтады. Талдау тестілеу аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болып, тестіленушінің жеке кабинетінде сақталды.

Бұл талдау талапкерлер үшін негізгі ҰБТ-ны екі рет өткізу барысында ерекше маңызға ие. Яғни емтиханның алғашқы мүмкіндігінде тестіленуші әр пән бойынша пәнді меңгеру деңгейін түсініп, қателіктер жіберілген тақырыптарды қайта тереңірек игере алды. Осылайша, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігінде нәтижелерін жақсарту мүмкіндігі болды.


Соңғы жаңалықтар