ҰБТ-2018: екі рет сынақ тапсырып, балл жинай алмаған түлектер де ЖОО-ға түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер мектеп бітіруші ҰБТ-да қажетті баллды жинай алмаса, оған тестті қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Алайда, екінші нәтижемен түлек мемлекеттік білім грантына таласа алмайды, тек ақылы негізде ғана білім ала алады. Бұл жүйе баяғыдан бар. Ал екі мүмкіндікте де тестілеуден өте алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады және бірінші семестрдің соңында кешенді тест тапсырады. Бұл жолы қажетті ұпай жинаса, университеттегі білімін жалғастыра береді. Яғни, балалардың жоғары білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр», - деп түсіндірді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ нәтижесін тестілеу орталығының сайтынан, арнайы телеграм-арнадан немесе mail.kz поштасынан - бірнеше тәсіл арқылы көруге болады.

Еске сала кетсек, ертең республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады және 1 шілдеге дейін созылады.

Соңғы жаңалықтар