ҰБТ: 140 балдық сертификатқа ие БҚО-ның екі түлегі отандық ЖОО-ны таңдады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатының екі түлегі Гүлшат Бекқалиева мен Әйгерім Қонар отандық оқу орнын таңдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қос түлекке ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 140 балдық көрсеткішпен сертификат табыс етілетін болады.

Өткен жылғы ҰБТ тапсырудағы басты жаңалық – SAT, ACT, IB халықаралық стандартталған тестілерінің балын Ұлттық бірыңғай тестілеу балына ауыстыру шкаласы енгізілген еді.

Егер түлек SAT reasoning және SAT subject сертификаттарын ҰБТ пунктінде тапсырған болса, сол сертификаттары ҰБТ балы ретінде көрсетіледі. Түлектер ҰБТ-дан босатылып, грант беру конкурсына қатыса алады.


Міне, Г.Бекқалиева мен Ә.Қонар халықаралық стандартталған тест тапсырып, ең жоғары ұпай жинаған. 650 балдан жоғары ұпай жинаған екі түлекке де ҰБТ-ның ең жоғары 140 балы берілді.

Олардың екеуі де – Назарбаев Университетінің «FOUNDATION» бағдарламасы бойынша грант иегері. Сонымен қатар Гүлшат «Алтын белгіден», Әйгерім үздік аттестаттан үміткер.


Г.Бекқалиева 7-сыныптан бастап физика-математика бағытында білім алғандықтан, инженерия мамандығын таңдаған. Ол Назарбаев Университетінде «Құрылыс және экологиялық инженерия» факультетінде білім алғысы келеді.

Ал Ә.Қонар болашақта IT, робот техникасы саласында қызмет етуді армандайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 430 оқушының «Алтын белгіге» үміткер екендігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар