Уақытыңды бағала: Қазақстанда алғашқы болып жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспанов

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласында ҮЕҰ-бизнес-мемлекет серіктестігінің «ASAR» IIІ республикалық форумы аясында Қазақстанда алғашқы болып жүрек трансплантациясын жасатқан Жәнібек Оспанов қазіргі өмірі жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Нөмірі жетінші спикер» секциясы барысында қызықты тұлғалар сөз сөйлеп, идеяларымен бөлісті.

Әр спикерге 11 минуттан уақыт беріліп, оларға 3 сұрақтан қойылды. Алаңға Қазақстанда және Орта Азияда алғашқы болып жүрегін донорлық жүрекке алмастырған Жәнібек Оспанов та шықты. –

«Мен осыдан 7 жыл бұрын донорлық жүрек қойғыздым. Дәрігерлер маған жарты жыл өмірім қалды деген еді. Ақ халаттылар бұндай отаны ұсынғанда бірден келістім. Өйткені басқа таңдау болған жоқ. Ота ауыр болды. Қайта қалыпқа келуге көп уақыт кетеді деді. Кейде жалғыз, өзіңмен-өзің қалғанда шынымен өлуге жақын болғанымды, өлім аузынан қайтқаныңды сезінемін. Өз өміріңе қорытынды жасайсың. Не жасадың, не істеп үлгергеніңе есеп бересің. Менің тындырғаным онша көңілімнен шықпады. Өмірімде демалысқа аз шығыппын. Көп қыдырмадым, саяхаттамадым», - деді Жәнібек Оспанов.


Ота жасалғаннан кейін Ж. Оспанов алдына жоспар құрған. Бәрін дұрыстағысы келген. Енді қалай өмір сүру керектігін ойланған.

Спикердің айтуынша, қайта қалыпқа келгенінде кардиохирургиялық орталыққа пациенттермен жұмыс әкімшісі болып жұмысқа кірген. Ота жасауға дайындалып жүрген адамдармен жұмыс жасаған.

«2015 жылдары елімізде жүрекке ота жасау белең ала бастады. Сол кезде қатарымыз 15 адамға көбейді. Бәріміз жиналып «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігін аштық. Басында біз тек жиналып, әңгімелесіп, талқылап жүрдік. Енді не істейтінімізді іздедік. Интернеттен халықаралық бірлестіктерді, кеңестерді қарастырдық. Кеңестер көп. Алайда, біз адамдар өзі қалай әсер ете алатынын іздедік. Өмір сапасын жақсартуды қаладық», - деді спикер.

Жәнібек Оспанов 2016 жылы Финляндияда мұндай ота жасалған адамдар арасындағы әлем чемпионаты аясында отадан кейінгі спорттық белсенділік жөнінде жиын өтетінін білген. Сол жерде өткізген 2 күн ішінде көзқарасы мүлде өзгерген.

«Олар отадан кейін өмір сапасын жақсартуға спорт қажет екенін көрсетті. Арасында 3-70 жастан асқан адамдар болды. Олардың өмірлеріне риза екені байқалды. Қазақстанға келгеннен кейін мен осы ақпаратты біздің бірлестіктегілерге жеткізуім керек деп шешітм. Өйткені бұнда ешқандай ақпарат жоқ еді. Содан кейін осындай бағдарламаны қозғап, спортпен шұғылдануды бастадық. 2017 жылы Ассамблеяның жиынында Президент алдында осы мәселені қозғау мүмкіндігі түсті. Президенттің тапсырмасымен Испаниядағы дүниежүзілік ойынға бардық. Бұл біз үшін мереке болды. 3 мың адам жиналды. Біздің бір қыз боулингтен алтын медаль алды. Сонда біз тек қатыспай, жеңімпаз бола алтынымызға көз жеткіздік. Осы уақытқа дейін 3 сайысқа қатысып, 11 медаль жеңіп алдық», - деді спикер.

Содан кейін Қазақстанда да жүрегіне донорлық ота жасатқан адамдар арасындағы спорттық жарыстар ұйымдастыру қолға алына бастаған. Қазақстан ішінде 2 сайыс өткізілді. Соңғысына 100-ден аса адам қатысқан. Оны көрген Еуропалық федерацияның президенті елімізде Еуропалық чемпионатты өткізуді ұсынған.


«Біз қазір федерациямызды заңдастырғымыз келеді. Адамдарды көп тартып, халықаралық ойындарға қатысу мақсатымыз», - деді ол.

Сонымен қатар Ж.Оспанов көрермендерден отадан кейін өмірге деген көзқарасы қаншалықты өзгергені жөніндегі сұраққа жауап берді.

«Адам осындай күрделі жағдай болатындығын күтпеу керек. Өз уақытыңды бағалау қажет. Уақытты жұмысқа, отбасына, демалысқа, саяхаттауға бәріне жететіндей етіп жоспарлауы тиіс. Өмірін дұрыс жолға қоя білгені жөн», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар