Уақытша тіркелген шетелдік көліктерге сары түсті арнайы нөмір беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол Мемлекет басшысының ЕАЭО қатысушы елдерінен Қазақстан азаматтары әкелген шетелдік көліктерге төленетін салық пен алымды 2021 жылдың 1 наурызына дейін шегере отырып, тіркеу туралы Үкіметке тапсырма бергенін еске салды.

«Уақытша тіркеу үшін арнайы қызмет көрсету орталығына барып, келесі құжаттарды ұсыну қажет: жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмір белгілері, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар және бастапқы тіркеу үшін төлем түбіртегі, мемлекеттік нөмір мен техникалық паспортты дайындағаны үшін төлемдер. Шарттары өте қарапайым, азаматтарға бұл көліктерді заңдастыруға, сондай-ақ қайта өңдеу мен кедендік бажды бір жылға кешіктіріп төлеу мүмкіндігі беріліп отыр», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде «ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз ету және тұрақты есепке қою туралы» баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады.

«Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі», - деді М. Қожаев.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бір жылдан астам уақыт жүрген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірлі көліктер заңнан тыс қалады деп хабарланған болатын. Заңға енгізілген бұл түзетулер «бөтен» нөмірі бар көлік иелерінің арасында үлкен наразылық туғызды.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерге қатысы мәселені шешуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар