Уәкілетті органдар жаңалық енгізбес бұрын оны халыққа түсіндіруі қажет - Тоқаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уәкілетті органдар кез келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында жоғары палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат төрағасының айтуынша, заңнамалық немесе заңға тәуелді деңгейлерде регламенттеу үшін күн тәртібіне қойылатын мәселелердің аражігін ажырату - заң шығару жүйесіндегі күрделі мәселелердің бірі болып отыр.  Ел Конституциясының 61-бабының 3-тармағында заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда.

«Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр», - деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев  Мемлекет басшысы алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударғанын еске салды.

«Біздің ойымызша, бұл мәселе түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді Қ.Тоқаев.

Оның атап өтуінше, негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы да шешімін таппаған мәселелердің қатарында.

«Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз»,  - деді ол.  

Сонымен қатар Сенат спикері халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы да айрықша назар аударуды қажет ететіндігін баса айтты.

«Құқықтық мониторинг институтын одан әрі дамыту үшін жүйелі және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды қабылдау талап етіледі. «Мемлекеттің салауаты заңдардан басталып, заңдылықпен аяқталады» деген белгілі тұжырым заңдарды тиімділігіне қарап қабылдаудың аса қажет екенін көрсетеді»,-  деді Қ.Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар