ТЖМ тәртіпсіздіктер туралы: Өрт сөндіру көліктеріне 33 рет шабуыл жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі елдегі тәртіпсіздіктер кезінде өрт сөндіру бөлімшелеріне 33 рет шабуыл жасалғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің кейбір аймақтарында болған тәртіпсіздіктер барысында адамдардың өмірі мен мүлкін оттан құтқаруға міндетті өрт сөндіру қызметінің қарусыз бөлімшелеріне жалпыадамзаттық құндылықтар мен мораль нормаларын бұза отырып, шабуыл жасалды.

Бүкіл әлемде, тіпті әскери қақтығыстар кезінде де құтқарушы, дәрігер сияқты мамандық иелері өз қызметін қақтығысушы тараптардың қорғауымен жүзеге асырады.

Өрт сөндіру автокөліктеріне шабуыл жасалған 33 жағдай тіркелді. Тәртіпсіздіктерге қатысушылар өрт сөндірушілерге тас лақтырып, оқ жаудырды, көліктердің жолын жауып тастады», - деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Соған қарамастан, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар кәсіби міндеттерін барынша мүлтіксіз орындауға тырысқан.

«Қызметтік міндеттерін орындау кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері әртүрлі жарақат алып, арасныда оқ тигендері де бар. Шабуылдардың кесірінен 29 өрт және құтқару техникасы зақымданды. Оның ішінде 5 автоцистерна түгел жанып кетті.

Туындаған қауіп-қатерге қарамастан, 75 өрт сөндіріліп, 143 адам қауіпті аймақтардан құтқарылып, эвакуацияланды. Өңірлердің бәрінде ТЖМ кезекші қызметтері үздіксіз жұмыс істеп, өрт туралы хабарламаларды қабылдап отырды. Өрт сөндірушілер келіп түскен шақыртуларға тиісті тәртіп бойынша шығып отырды», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.


Соңғы жаңалықтар