ТЖМ мамандары елорданың жеке тұрғын үйлерінің жылу беру маусымына дайындығын тексеруде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары елорданың жеке тұрғын үйлерінің жылу беру маусымына дайындығын тексеруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 тамыздан бастап елімізде қысқы маусым қарсаңында өрт қауіпсіздігіне арналған акция басталды. Бұл акцияның басты мақсаты - өрт салдарынан болатын адамдардың өлім-жітіміне жол бермеу және өрт санын азайту. Қазіргі таңда бұл акция жергілікті атқарушы органдардың және білім басқармалары өкілдерімен, ішкі істер, төтенше жағдайлар органдары қызметкерлерімен бірге жеке тұрғын үй секторлары аумағын аралау бағытында жүргізіліп жатыр. Ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлерін аралаймыз. Жалпы республика бойынша 123 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Оның ішінде 106 мыңнан астам үйді тексеріп шықтық», - деді ҚР ТЖМ басқарма бастығы Орал Әбдірахманов.

Оның дерегінше, тексерілген үйлерде 71 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талабының бұзылуы анықталған. 280 мыңнан астам азаматқа өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілген. Айта кететін жайт, өткен жылу беру маусымына республика аумағында 5001 өрт тіркелген. 222 адам қаза тапқан.

«Ең алдымен өрт отты абайсыз пайдаланудан шығады. Екіншіден, жылыту пештерін қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан туындап жатады. Сонымен қатар электр желілерін монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау да өрттің шығуына себеп болады. Сондықтан тұрғындарға жылыту маусымы басталған кезде жылу беру пештерінің дайындығын тексеріп, мұржаны күйеден тазалауға кеңес береміз. Бұған қоса пеш жағуды кішкентай балаларға тапсырмау керек», - деді Орал Әбдірахманов.


Соңғы жаңалықтар