ТЖМ қызметкерлерінің жалақысы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға жетпейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтық қорғау органдарының 770 қызметкері жұмыстан шықты. Мұндай деректер «Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жалақысының 2021 жылдан бастап сараланған өсуін ескергеннің өзінде ең төменгі жалақы – небәрі 108 мың теңге. Бұл тұрғын үй сатып алу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік бермейді. Тиісінше қызметкерлер мен олардың отбасыларының моральдық-психологиялық жағдайына теріс әсер етеді.

2021 жылы азаматтық қорғау органдардан 700 қызметкер жұмыстан шығып, басқа құқық қорғау органдарына 94 қызметкер ауысты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 770 қызметкер жұмыстан шықты», - деп кешенді жоспарда кадр тапшылығы мәселесі жазылған.

Ведомство ақпаратына сай, маман тапшылығы мен олардың тұрақтамауы жұмыстың сапасы мен азаматтық қорғау органдарының төтенше жағдайларға ден қою әзірлігіне кері әсер етіп жатыр.

«Халықты төтенше жағдайлардан қорғауды толыққанды қамтамасыз ету, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу, жедел ден қоюды арттыру, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін штат санын ұлғайту және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне әлеуметтік пакет ұсыну қажет», - делінген Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді жоспарда.


Соңғы жаңалықтар