ТЖМ: Қарлы бұрқасын кезінде 1453 адам құтқарылды, оның 199-ы - бала

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық құтқарушылар қолайсыз ауа райы салдарынан төтенше жағдайға тап болған 1453 адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, соңғы күндері қолайсыз ауа райы салдарынан болған төтенше жағдайды жою жөнінде республикалық штаб құрылды. Бүгінде Қарағанды, Атырау, СҚО Алматы облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы бойынша штаб өз жұмысын жалғастыруда. Соңғы 2 күн ішінде республиканың 8 облысында автожолдардың 111 учаскесі бойынша жол қозғалысына шектеу қойылды. Төтенше жағдай салдарын жою және қолайсыз ауа райы салдарынан қиындыққа тап болған тұрғындарға көмек көрсету мақсатында 40 жылыту бекеті жұмыс істеп, 1 121 техника жұмылдырылды», - деді ТЖМ басшысы Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, «101» және «112» желісі арқылы көмек сұраған 7 мыңнан астам хабарлама келіп түскен.

«Бүгін сағат 11:00-дегі жағдай бойынша республикалық маңызы бар 2 жол учаскесі және облыстық маңызы бар 12 жол учаскесі бойынша жол әлі де жабық. Жолды тазарту жұмысы жүріп жатыр және жағдай бақылауда. 29-30 наурыз күндері құтқару бөлімінің мамандары 1453 адамды, оның ішінде 199 баланы құтқарып, эвакуациялады», - дейді ол.

Бұған дейін аталған ведомство басшысы ауа райының қолайсыздығынан 8 облыста 289 елді мекеннің жарықсыз қалғанын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар