ТЖМ басшысы Абай шахтасында бұған дейін болған апаттарды атады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Қарағанды қаласында Абай шахтасында қайғылы оқиғаға байланысты брифинг өткізген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аталмыш кеніште мұндай оқиғалар бұдан бұрын да болғанын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де бұл трагедия алғашқысы емес. Оның ішінде Абай шахтасында 2008 жылы осындай төтенше оқиға болғаны есімде. Ең соңғысы 2017 жылы болған. Ол кезде 3 шахта жұмысшысы көз жұмды. Әрбір төтенше оқиғаның сипаты әртүрлі десе болатын шығар. Мысалы, осы жолғы оқиға кезінде өрт тұтанып, тау жынысы опырылған жоқ. Метанның тарауынан көмір қабаты опырылып, металл тіректер тайып кеткен кездер болған. Бұл жолы метанның жинақталуына не себеп болғанын жеке тексереміз», - деді Юрий Ильин Өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Министр осыдан 10 күн бұрын ғана ArcelorMittal компаниясының жергілікті басшылығымен кездескенін атады.

«Жаңа басшылар бізді кеніштерде де, металлургиялық комбинаттың өзінде де кеншілердің жұмысын қауіпсіз ету үшін барынша күш салатындарына сендірген еді. Басшылықтың ауысуы сол уәденің орындалуына негіз болады деген үміт бар. Ал уәде орындалмаса, мемлекет тарапынан, металлургиялық комбинат бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бүгінде ондағы бірқатар өндіріс нысанында жұмысты тоқтата тұру бойынша сот процестері жүріп жатыр. Мұның ақырында еңбек жағдайы жақсарып, қауіпсіздік деңгейі артады деп үміттенеміз», - деді Төтенше жағдайлар министрі.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.

Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімдері.

ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған. Сондай-ақ министр «Абай шахтасы жабыла ма?» деген сұраққа жауап беріп, шахтадағы сигнал жүйесінің мінсіз жұмысының арқасында өрт тұтанбағанын жеткізді.

Белгілі болғандай, көз жұмған кеншілердің отбасыларына 10 жылдық тіршілік шығыны төленеді. Сонымен қатар несиелерін жабу, баспана беру, студент балаларының оқуын төлеу мәселелері пысықталатын болады.



Соңғы жаңалықтар