ТЖМ әуе паркі Қазақстанда құрастырылған тікұшақпен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе паркі Қазақстанда құрастырылған тікұшақпен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тікұшақтың құрылғылары француздық «Airbus Helicopters» зауытында жасалған. Ал құрастыру жұмыстары «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен «Airbus Helicopters» бірлескен жобасы – «Eurocopter Kazakhastan Engineering» ЖШС зауытында жүргізілген. Бұл ТМД аумағындағы аталған тікұшақ түрлерін құрастыру мен техникалық қолдау көрсететін жалғыз өндіріс орны.

H-145 – қос қозғалтқышты Airbus тікұшақтары түріне жатады. Жолаушы сыйымдылығы – 9 адамға дейін және орын конфигурациясын жылдам өзгерту мүмкіндігі бар.

Әлем бойынша 1500-ден астам аталған тікұшақ түрлері пайдалануға берілген және жалпы ұшу уақыты 6 миллион сағаттан астам уақытты құрайды. Әуе көлігінің сапасы әлемдік жетекші өндіруші компаниялардың талаптары мен Еуропалық әуе навигациясының қауіпсіздік ұйымының (EASA) ұшу жарамдылық нормаларына толығымен сәйкес келеді. Тікұшақ қалақшасындағы 5 бұранда арнайы топсалар мен шарикті ішпектерсіз құрастырылғандықтан H-145-те ұшу кезіндегі діріл айтарлықтай төмендеген. Бұл өз кезегінде жолаушылардың жайлылық деңгейін арттырып қана қоймай, дірілді бәсеңдету жүйесінен толығымен бас тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде пайдалы жүк көлемі 150 келіге дейін артты. Қазіргі күнде H-145 өз класы бойынша ең жоғары жүк тасымалдайтын тікұшақ болып табылады.


Соңғы жаңалықтар