ТЖ мамандары 26 653 балаға суда жүзуді үйретті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары балаларды суда жүзуге үйретіп жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің құтқару бөлімінің мамандары еліміз бойынша халық ең көп келетін 125 су айдынының қызметін бақылайды. Ол жерлерде 493 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ, биыл біздің министрлік су айдындарындағы бақылауды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу маусымы басталысымен су қоймаларының қауіпті және күзетілмейтін бөліктерінде қосымша 45 жылжымалы құтқару бекетін іске қосады. Одан басқа, жергілікті әкімдіктер және су маңындағы демалыс орындарының иелерімен бірлесіп министрліктің жедел-құтқару жасақтарында даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушылар есебінен 316 нысандық құтқару бекеті жасақталды», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының айтуынша, жұртшылық шомылатын орындарда 104 медициналық бекет жұмыс істейді.

«Балалардың да судағы қауіпсіздігі маңызды. Осы орайда балалар үшін қауіпсіз жағажайлар анықталып жатыр. Онда құтқарушылар балаларға жүзуді үйретеді. Бүгінде елімізде барлығы 265 стационарлық бассейн, 146 қаңқалы – модульді бассейн бар. Жыл басынан бері аталған бассейндерде 26 653 бала суда жүзуге үйретілді», - дейді ол.

Бұған дейін ТЖМ өкілі жыл басынан бері елімізде 25 адамның суға кеткенін мәлім етті.

Айта кетейік, елімізде шомылуға рұқсат берілген 490 орын бар.

Сондай-ақ, қазақстандықтар шомылуға болатын орындарды мобильді қосымша арқылы біле алады.


Соңғы жаңалықтар