Тыйым салынған алма тиелген екі жүк көлігі Қазақстаннан шығарылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте фитосанитарлық талаптарға қоғамдық мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департменттің арнайы мониторинг тобы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шымкент қаласы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық инспекциясының өкілімен бірге «Қазыбек би» көтерме сауда базарын тексерді.

Оған Қырғызстан мен Өзбекстаннан карантин жарияланған өнімдерді әкелуге тыйым салынуы себеп болды.

«Мониторинг кезінде базар аумағында алма тиелген Қырғызстанда тіркелген екі жүк көлігі анықталды. Олар Қазақстан Республикасының аумағына тыйым салынғаннан кейін кіріп келген. Бірінде 8, екіншісінде 4 тонна жүгі бар көлік құралдары Қазақстаннан шығарылды. Бұдан бөлек, Алматы қаласынан әкелінген 10 тонна алманың карантиндік сертификатының жоқ екені анықталды. Соған байланысты, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 400-бабының 1-бөлігі, 16-тармағына сәйкес, жеке тұлғаға айыппұл салынды», - дейді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, көрші елдерден әкелінетін карантин жарияланған кейбір өнімдердің құрамынан қауіпті зиянкестер табылуына байланысты, оларды Қазақстанға әкелуге тыйым салынған болатын. Атап айтқанда, алма, құрма, анардан Комсток сымыры, картоптан Картоптың алтын түстес жұмыр құрты табылған.


Сайра Амантаева

Соңғы жаңалықтар