Тышқан жылы тыныш жыл болғай: Біз біргеміз!

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы күндері коро­на­ви­рустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз.

Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда.

Президент Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен бұл инфекцияның алдын алу бойынша тиісті шаралар қолға алынды.

Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Онда:

«Біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. ...Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұ­ғыл шараларды қолдауға шақы­ра­мын«, - делінген.

Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Әлемді шарпыған індет өкінішке қарай, біздің елімізді де айналып өтпеді. Үкіметтің, әкімдіктің өзара алдын ала әзірлеген дайындығының және қазіргі кезде атқарып жатқан жанкешті жұмыстарының арқасында жағдайды қатаң бақылауға мүмкіндік туып отыр. Еліміздің жүрегі саналатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантинге жабылды.

Елбасының Үндеуді іске асыру бойынша елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қолға алынған кезек күттірмес шараларды атап өтті.

«Бұдан да қиын кезеңде, тіпті ауыр жағдайда ел тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз халқымыздың мығым бірлігімен дүниедегі бірнеше дағдарыстан аман алып шығып, мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосқанын ешқашан естен шығарған емеспіз. Экономикалық, әлеуметтік басқа да түрлі дағдарысты халықпен бірге жүріп еңсерген Елбасымыз Н. Назарбаевтың тәжірибесі – бәріміз үшін сабақ.⠀
Үндеуде еңбек орындарын сақтап, азаматтарды жұмыстан шығармау туралы да айтылды Бұл дегеніміз – жағдайды терең түсіне отырып танытқан үлкен жанашырлық.⠀
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз де өз тарапымыздан қаладағы мекеме басшыларымен келісе отырып, жұмыс орындарын сақтап, қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырдық.⠀
Қала карантинге жабылғанына қарамастан тұрғындарға қажетті азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті тауарлардың үздіксіз кіруіне кедергі жоқ. Сондықтан азық-түлік дүкендерінде үнемі тамақ болады. Қанағат қарын тойдырады дейді. Өзге елдердегідей жапатармағай азық тауарларын көшіріп алып кетуге де еш негіз жоқ.⠀
Қазір бәріміздің мақсат-мүддеміз біреу ғана. Ол – тұтас ел екенімізді танытып, тосыннан келген сынақ кезінде жұдырықтай жұмылуымыз. Және ол біздің қолымыздан келеді. Бірлігіміз бен сабырымыз сыналған талай қиыншылықты бірге жеңгенбіз. Оған кәрі тарих қаншама рет куә болған. Ол үшін шын мұқтаж азаматтарға осындайда қолдау қажет.

Сондықтан, арнайы қор ашылғанын хабарлап, іс басында жүрген қаламыздың кәсіпкерлерін осы сынақта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдауға шақырамын», - деді ол.⠀

Бүкіл әлемді дендеп алған аты жаман аурудың қазақ жеріне кеңінен таралып кетпеуі үшін Үкіметіміз жедел шешім қабылдап, көп жұмыс істеп жатыр. Білім және ғылым саласында қандай іс-қимылдар қарастырылуда?


Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА академигі

«ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетовтың тапсырмасына сәйкес, университеттер 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқыту форматына ауысады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осы талапты қатаң ұстанады. Бізде интернет ресурстарының көмегімен, яғни «Оnline» режимдегі оқыту үшін барлық жағдай қарастырылған.
Профессорлық-оқытушылар құрамы қалыпты жұмысын жалғастырады. Олар білім алушылардың оқу үдерісіне бұрынғыдан да ерекше мән беруі тиіс. Бәрі өзімнің жеке бақылауымда.

Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты туындаған бұл уақытша мәселеге білім алушыларымыз бен олардың ата-аналары түсіністікпен қарайды деген үміттемін. Егер студенттер үйлеріне бармай, осында қаламыз десе, олар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.

«Тәртіп - тән үшін, ынтымақ - жан үшін керек» деп қазақ бекер айтпаса керек. Сын сағатта бәріміз жауапкершілік танытайық! Кез келген қиындықты бірлесіп жеңуге ғана болады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - дегендей, бүгінгідей уақытша қиындықты бірлесе жеңу үшін Президентімізге қолдау көрсетейік, ағайын!».

Бұл бүгінгі жағдай әлемдік халықаралық экономикалық дағдарыс – ши­кі­зат, валюта және қаржы нарық­та­рының құлдырауын күн сайын ушықтыра түсуде. Азаматтық қоғам белсенділері де өз ықылас-ниеттерін білдіруде.


Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

«Жалғыз қурай – жел жарар!

Әлем елдері бұл күнде шыбындай жанның есендігі үшін барын салып арпалысып жатыр. Қытайдан бас алған «аты жаман» індеттің әлемнің әр тұрғынын ұйқы-күлкіден айырып, алаңдаулы күйге түсірер деп екі-үш ай бұрын ешкім де ойлаған жоқ. Қазақ баласы «көппен көрген ұлы той» дегенді көбінде жақсылыққа жори айтатын. Өкінішке қарай көппен бірге көрер қиыншылық біздің де елдің басына түскен сын сағатта Ел Президенті мен Үкімет мүшелерінің ұйқы-күлкі көрмей жұртымыздың бас амандығына жасап жатқан қимыл-әрекеттері жүрегіміздегі үміт шоғын үрлей түскеніне қуандық! Әрине, ел басшылары мен қайраткер тұлғалардың тынымсыз әрекеті мен қоса жалпыхалықтың ынтымаққа ымыраласып, жұдырықтай жұмылғаны қажет! Ақпараттық кеңістіктің тым еркіндігі де «қорыққанға қос көрінетін» уақытта халықтың үрейін ұшыруға бейіл-ақ. Тәртіптің темірдей қаттылыққа көшкеніне мойынұсынып, берекенің келекеге айналмауын әр қазақстандық азамат білуге және сақтауға тиісті екенін, өз денсаулығымен қатар Ұлт қауіпсіздігінің кепілі боларын білген жөн. Тағдырдың талай ащы дәмін татқан, басынан өткерген аты жаман оба мен тырысқақты да жеңіп, аштық пен қастықты да көрген Алаш баласы бұл бұлағай күндерді де артқа тастайтынына көңіл сенер. Тұңғыш Президент – Елбасы да ел-жұртты берекеге шақырып, ұлтым дейтін Азаматтарға тастап жатқан жауапты да сауапты үндеуі – көшелі Ұлт көсемінің көргенді де көреген саясаткерлігі! Осы ретте бір адамның жауапкершілігін атам қазақ «жалғыз қурай – жел жарар» деп бейнелеп айтқан екен. Саналы халық өкілі ретінде әр отандастың азаматтығы мен ары сынға түскен шақта тағы да «малың менен жаныңды садаға деп, ардың туын көтерген» Алаш баласының берекеге ұйып, тәртіпке бағынып, кесапаттың қақпан тілін баспайтындығына сеніп, жамандықты амандық жеңетінін жарқын күндерге бірге жетейік, Ұлыс оң, ақ мол болсын деймін!»

Міне мүшел жыл санауы бойынша биыл доңыз доғарылып, тышқанның табалдырығын аттап отырмыз. Ескі жылдардан ел аузында қалған және жылнамларда жазылып қалған деректерге сенсек, ертеде доңыз жылдары қыс жайсыз соғып, қатты жұттар болған екен. Сондықтан, доңызды халық атын тура айтпай, «қаракиік жылы» деп тергеп атапты. Тіпті көне түркі бітігінде доңыз жылын «лағзын жылы» деп тұңғыс-манжұр тілінде атауы да осы жылдың айбатынан сескенген көшпелінің жасаған ырым-тыйымы деуге болар. Жалпы, доңыз, тышқан, мешін, суырды қазақ адамнан азған хайуан деп әпсанаға қосқан. Қазақ даласынан шыққан даналарымыздың, ғұламаларымыздың еңбектерімен қайтадан танысқанда осындай мәліметтерге қанық болудамыз.

Солардың арасында түбі бір түркі жұртының руханиятының орнығуына мол еңбек сіңіріп, рухани ұстаз ретінде танымал болған Бекасыл Биболатұлы.

Бүгінде қазақ руханиятына, ғылым-біліміне зор үлес қосқаны жалпақ жұртқа мәлім болған Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы халқымыздың құнды рухани мұрасы деп қабылданады.

Тышқан жылы туралы Бекасыл әулие Биболатұлы да «Зикзал» еңбегінде жаңа туған жылдардың сипаттамасын жазады. Сол жазбаны толықтай берейік.

«Кейбір нақыл сөздерде айтылуынша егер тышқан жылы келсе, жылдың қысы құрғақ болады, ал жазы жауын-шашынды болып келеді. Ол жылы шөп қалың болып өседі. Ел ішінде мамыражай, кеңшілік орнығады.

Дәруіштер мен пақыр, кемтарлардың жағдайлары жақсы болғай.

Күнбатыс жақтарда жаңбыр аздау болады. Ол жылы қантөгіс көп болады. Патша мен бек, мырзаларға қайғы мен қамығу көп болады.

Ол жылы керуеншілер мен саудагерлердің жағдайлары нашар болады. Керуен жолдарында қарақшылар пайда болады.

Сапардағы кісілер үлкен қауіп-қатер астында болады. Ол жылы өлім-жітім көп болады.

Шөптер уақытынан ерте көгереді. Тегіс жерлерде су тасқыны мен сел орын алады. Халық арасында үрей туындайды. Кейбір жерлерде нөсерлер топанға айналып, үйлер қулайды. Халық арасында залымдар пайда болып, олар халыққа зорлық-зомбылық жасап, салық алу көбейеді.

Шариғатқа сай адал істерді бұрысқа шығару орын алады, жаман сөздерді дұрыс қабылдау етек жаяды. Ізгі сөздерді бұрысқа шығару орын алады. Жамандықтардың түрі көбейіп, адамдар тасбауыр бола бастайды. Бұрыс сөйлегендердің сөздері құрметтеліп, ізгілердің сөздерін бұзыққа шығару орын алады.

Ел арасында қайырымдылық пен шапағатшылық жойылады. Жақсылық пен уәдеге опа жасау азаяды.

Қыстың соңында қарт тышқан қалады. Баға төмен түседі. Көз аурулары кең тарайды.

Бұл жылдың басында туылған балалардың пайымдау мен үйрену қабілеті мықты, көңілі жадыраған адам болғай.»

Расында, биылғы тышқан жылы тышқандығын жасады: өркениеттердің текетіресі ушығып, экономикалық қиындықтар болып, әлемді шарпыған індет үрейді үдете түсті…

Осы жағдаяттарды ескеріп еліміздің басшылары алдын алу шараларын қолға алды. Бабаларымыздың ескертпесі бізге сабақ.

Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Карантин жарияланған екі үлкен шаһарымыз шаңырағымыздың уығы.

Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мемлекеттігіміздің алтын діңгегі.

Ал жаңа астанамыз Нұр-Cұлтан – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Бүгінгі астанамыз Қазақстан халқының келешегі үшін баршамыз бірігіп салып жатқан кемел келешегіміздің алтын көпірі. Ежелгі қазақ жерінің төрі.

Ел жүрегі – астанамыз осындай қиын кезеңде біздің жүрегімізге, халықты біріктіретін ұлттық идеяға, ол халықтың өзінің күші мен ұлы мақсатына деген сенімнің рәмізіне айналарына кәміл сенейік. Астана келбеті – ұлт келбеті дейді.

Бүгінгі ғаламдық пандемия жағдайларына байланысты оқшауланып отырсақ та отбасымызбен әз Наурызды жақсы қарсы алып, ізгі тілегімізді тілейік, жақсылықтан үміт үзбейік, әлеумет! Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын! Тышқан жылы табысты болайық!

Төрлет, жаңа кезең, мүшелдің басы – Тышқан жылы!


Соңғы жаңалықтар