Тырналар: Алматы мен Волоколамск балалары бірге ән шырқады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында алматылық оқушылар ресейлік замандастарымен бірлесіп музыкалық клип жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың таралуына байланысты оқушылар мерекемен құттықтауды осылай жеткізген.

Алматыдағы М.Мәметова атындағы №28 мектептің И.В.Панфилов атындағы №54 Қазақ – Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің және Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің оқушылары мен олардың Волоколамск қаласындағы (Ресей) құрбылары бірігіп М.Бернестің «Тырналар» әніне клип жазды.

Музыкалық жобада қазақстандық және ресейлік кинофильмдерден соғыс туралы кадрлар пайдаланылған.

Жас орындаушылар арасында әртүрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлері бар. Бұл ән кездейсоқ таңдалмаған.


«Танымал композиция көрермендердің жан дүниесін елжіретіп, майдан даласындағы сұрапыл шайқастарды көз алдына әкеледі. Көк аспан төріндегі алысқа ұшып бара жатқан тырналар соғыстан қайтпай қалған сарбаздарды бейнелейді», - дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің 1-11 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге «Ұлы дала батырлары» акциясына үн қосты.

Олар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан өздерінің аталары туралы бейнероликтер сериясын жасап, барлық ардагерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар