Тыңайтқышқа субсидия алу үшін агрохимиялық картограмманың болуы міндеттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда тыңайтқыштарды пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров ведомствоның алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республика бойынша тыңайтқыштар енгізу көлемі әлі де төмен. 2019 жылы 401,7 тонна тыңайтқыш сатып алынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға аз. Қолдану қарқынының төмендеуінің негізгі себебі - агрохимиялық картограммалардың, әсіресе оңтүстік өңірлерде болмауы. Сондықтан, келесі жылдан бастап субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта) болуы қажеттігін ұмытпаған жөн. Оған тек бір жыл қалды. Топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын жандандыру қажет. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер зертханалардың жоқтығына шағымданған болатын. Жаңа агрохимиялық зертханалардың құрылысы жоспарлануда. Қазірдің өзінде Қостанай мен Петропавл қалаларында заманға сай автоматтандырылған әрі жабдықталған зертханалар іске қосылды», - деді Айдарбек Сапаров.


Вице-министрдің айтуынша облыс әкімдіктері осы бағытта белсенді ақпараттық жұмыс жүргізуі керек.

«Арамшөптермен ғана емес, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес те өзекті мәселелердің бірі. Дер кезінде таралу ошақтарын анықтау және химиялық өңдеулер жүргізу - өнім мен оның сапасының едәуір төмендеуінің алдын алады. Жыл сайын оларға қарсы күреске орасан зор бюджет қаражаты бөлінгенімен, тиімділігі шамалы. Мәселен, укекіренің таралу алқабы азаймай келеді. Ол ауыл шаруашылығы өндірісіне айтарлықтай зиян келтіреді. Бұл жергілікті жерде қажетті шаралар қабылданбайтынын және олардың орындалуын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтынын білдіреді», - деді ол.

Вице-министр келтірген мәліметке сәйкес бүгінгі күні дәнді дақылдар егісінде тат және септориоз кең таралған. Олардың өршуі егіннің 40 пайыз бөлігінің жоғалып, өсімдіктердің толық жойылуына әкелуі мүмкін.

«Осыған қарай өздеріңіз білетіндей, биылдан бастап пестицидтердің барлық түрі субсидияланады. Бұл ретте гербицидтерді қоспағанда, пестицидтерді субсидиялау зияндылықтың экономикалық шегін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл шара аграршыларға өсімдік аурулары мен зиянкестерімен күресу үшін қажетті фунгицидтер мен инсектицидтерді таңдауға, сондай-ақ оңтайлы мерзімде өңдеу жолымен олардың жаппай таралуының алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Айдарбек Сапаров.


Соңғы жаңалықтар