Тыл еңбеккері Майра Құсайынова: Бір үзім нан табылса да шүкіршілік еттік

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Балалық шағын сұрапыл соғыстың сұрғылт күндерінде өткізген Майра Құсайынова қазірде сексеннің сеңгіріне көтерілген. Кеңес одағының аумалы-төкпелі заманында өмірдің бар қиыншылықтарын бір кісідей көрген әжейдің жүріп өткен өмір жолын еске алғанда бір күліп, бір жылап алатыны бар. ҚазАқпарат тілшісі соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңін бастан өткерген тыл еңбеккері Майра әжеймен сұхбаттасқан еді.

– Майра апа, әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

– Мен Ұлан ауданы, Шымқора ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы мектепте дәріс алып, 1956 жылы оқуымды аяқтадым. Ал одан әрі қарай оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Әке-шешем қарт адамдар еді. Отбасымызда бес ағайындымыз. Тұңғышы мен болғандықтан, еңбекке ерте араласып кеттім. Соңымнан ерген екі бауырым мен екі сіңлім болды.

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Cоғыстан кейін құлдыраған экономиканы, күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру Кеңес үкіметінің алдында тұрған басты міндет болды. Ауыл шаруашылығы саласында күрделі өзгерістер орын алып, колхоздар, совхоздардың экономикасын көтеруге бағытталған шаралар белгіленді. Осыдан кейін өкіметтің еңбекке жарамды әрбір азаматтың колхозға баруы керектігі жайлы жаңа жарлығы шықты. Ел қатарлы мен де колхозға кіріп, екі жыл сауыншы болдым. Екі жылға қабылданған жарлық мерзімі біткеннен кейін әркім өзі таңдаған жолмен кетіп жатты.

Ал мен болсам ауылымыздағы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте зертханашы болдым. Осы мектепте 27 жыл бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке де сол жерден шықтым. Жас болсақ та қара жұмыстан ешқашанда бас тартпадық. Екі қолға бір күрек табылса болды, қандай жұмыс болсын, жанымызды салып ынтамен орындадық. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ауылда өтетін шаралардан шет қалмауға тырыстым. Екі мәрте ауылдық Кеңеске депутат болып сайландым.

– Ел басына қара бұлт үйірілген кездегі есіңізде қалған көріністерге тоқталып өтсеңіз...

– Ұлы Отан соғысы басталғанда мен небәрі бес жаста едім, енді ғана ес біліп келе жатқан кезім болатын. Сұм соғысқа бірінің ұлы, енді бірінің жан жолдасы, әкесі, аға-інісі аттанып жатты. Артында қалған қыз-келіншектер қауымы шұлық, қолғап тоқып, майданға жіберіп отырды. Бала болсақ та бізге де оңай-оспақ міндеттеме жүктеп қоятын еді. Жасымыз алты-жетіде болса да сондағы соғыстың суық ызғарын біз де сезініп өстік.

Жасөспірім шағымызда аумалы-төкпелі заман болды ғой. Күніне бір үзім нан табылса қуанатынбыз, өйткені Кеңес үкіметі үшін соғыстан кейін халықты азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету оңай болмады. Осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығын өркендетуге баса көңіл бөлінді. Алға қойылған ауқымды жоспарды орындау үшін жұмыс күші жетіспеді. Сол үшін миллиондаған сарбазды Кеңес Армиясы қатарынан босатты. Үкімет халық арасына тараған аштықты тоқтату үшін біршама шараларды қолға алды. Осы тұсқа тап келген біздер тапқанымызды талғажау етіп, соны қанағат тұтып жүрдік. Қазіргідей талап қойып, «Маған анау керек, мынау керек» деп ата-анамыздың білегіне жармасқан жоқпыз.

– «Немере – балдан тәтті» демекші, еркелігін көтеретін немере-шөберелеріңіз бар шығар?

– Аллаға шүкір, 4 баламнан тараған – 6 немерем, 4 шөберем бар. Олардың маңдайларынан сипап, құшағыма алып бір иіскесем, өмірде менен ардақты әже жоқтай сезінем өзімді.

– Айыртау ауылдық Мәдениет үйінде құрылған «Әжелер» тобында біраз жыл өнер көрсетіп жүрдіңіз. Осы жайлы не айтар едіңіз?

– 3 сыныптан бастап ән айтқанды жақсы көрдім. Қазақтың кең жайлауын шарлаған халық әндері жаныма жақын. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев «Ән – халық үні, оның шындығы мен ой-сезімі» деген екен. Расында да, қазақтың ішіндегі ой-толғанысы өлең болып ақ параққа түскен.

Көпшілік бас қосқан жиын-тойларда әуелетіп ән салуға құштар едім. Құрбы-құрдастарымызбен жарыса өлең айтып, мәз болатынбыз. Кей кездері жарық өшіп қалғанына да қарамай майшам жағып, қызулы думанды жалғастыра беретінбіз.

Әке-шешем де әнге құмар адамдар еді. Олар әнді бар ынта-ықыластарымен, бірде әуелетіп, бірде қоңыр баяу мұңға салып орындайтын. Өле өлгенше кәрілікке дес бермей бізге үлгі-өнеге бола білді. Әкем 82 жасында, ал анам 85 жасында өмірден озды.

Ән салатын жан ішіндегі сырын есті өлеңмен сыртқа шығармай тұра алмайды ғой, сондықтан мен 1990 жылы құрылған «Әжелер» тобында ән айтып жүрдім. Бұл топ кейіннен «Асыл әже» деп аталды. 2017 жылға дейін топ құрамында сахнаға шығып жүрдім. Енді ғана кәрілікті мойындап, көп жүріп-тұра алмайтын болдық.

– Ұлы Отан соғысында «Жеңіске жеттік!» деген сөзді естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– «Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды!» деген қуанышты хабар келгенде барша қазақ бөркін аспанға атып қуанды. Соғыстың қиындығын көрген біздер бала болсақ та жеңістің үлкен сый екенін жақсы түсіндік. Үлкендермен бірге көшеге шығып, құшақтасып қуандық.

Құдайға шүкір, бүгінде бейбіт аспан астында мамыражай тіршілік кешіп жатырмыз. Мұның қадір-қасіретін Кеңес заманынының қиыншылығын өз көзімізбен көріп, басымыздан өткерген біздер сияқты жандар жақсы түсінеді. Ең бастысы, заманымыз тыныш болсын деп тілеймін!

– Әңгімеңіз үшін рақмет!


Соңғы жаңалықтар