«Тығырықтан жол тапқан» фильмін Ақ Жайық жұртшылығы да тамашалады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 5 желтоқсан күні Орал қаласындағы «Cinema Park» кинотеатрында «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртiншi бөлiмi - «Тығырықтан жол тапқан» фильмi көрсетілді.

Фильмді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық жұртшылығымен бірге тамашалады.

«Елбасының жеке тұлға ретінде қалыптасуында қандай жолдан өткені фильмде жақсы көрініс тапқан. Ештеңеге қарамастан, мәселені өткір қойып, оның дұрыс шешім табуы үшін қандай күреске бару керектігін көрдік. Нұрсұлтан Әбішұлы тап осы жеке қасиеті - табандылығы, қайраткерлігі арқылы бүгінгі Қазақстанның ауқымды мәселелерін шешумен келеді. Бұл фильмнен салт-дәстүрді, үлкендерді, отбасыны қалай сыйлау керектігін, халыққа адалдық, достыққа беріктікті, бір сөзбен айтқанда, қалай өмір сүру керектігінен көпшілік сабақ алады деп ойлаймын», - деді әкім.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтің айтуынша, бұл - шебер түсірілген көркем туынды. Елбасының өз баяндамаларын қағазға қарамай жасайтынын қатарлас жұмыс істеген аға буын өкілдері жақсы біледі. Фильмде Н. Назарбаевтың жас кезіндегі өмір белестері бейнеленген. Жастарға үлкен тәрбиелік сабақ болатын фильм. Кинофильмнен кейін ардагерлермен қатар жастар да өз ойларын жеткізіп, көркем туындының көпшілікке ұнағандығын атап өтті.

Айта кетейік, «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильм 4 желтоқсаннан бастап, Қазақстанның 25 қаласындағы 70-тен астам кинотеатрға прокатқа шықты. Аталған туынды - «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші фильмі. Жаңа картина Мемлекет басшысы партком хатшысы болып сайланып, үлкен саясатқа енді араласа бастаған 1971 мен 1977 жылдар аралығын қамтиды. Бұл фильмде де Елбасының бейнесiн актер Нұрлан Әлімжанов сомдады.

Соңғы жаңалықтар