TV-Supren жетекшісі: Бейбітшілікті сақтау үшін білім культына басымдық беру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилиядағы «UniaoPlanetaria» коммерциялық емес ұйымының президенті, «TV-Supren» телеарнасының жетекшісі Улиссис Ридель де Ресенде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты туралы ой-пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде бейбітшіліктің орнауы үшін белсенді әрі ойлы түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Президенттің сарабдал саясаты, оның бейбітшіліктің орнауына күш салуы көптеген елдерге үлгі бола алады. Көптеген елдер бейбітшілік туралы көп айтқанымен, нақты іс-шараларды жүзеге асырып жатқан жоқ. Ал Қазақстан өз Президентінің арқасында тәуелсіздік алғалы бері соғыссыз әлемнің құрылуына күш салып келеді», - дейді ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің панельдік отырысында.

Улиссис Ридель де Ресенде өз сөзінде Қазақстанда жүзден аса ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, оған ойлы саясат пен бейбітшілікті ту еткен бастамалар сеп болып отырғанын атап өтті.

«Қазақстан Президенті өз елімен бірге, оның аясынан тыс мәселелерді қозғап отырған бірегей тұлға. Бүгінгі мәселеге үн қосар болсам: менің ойымша, рухани және моральдық дағдарысты еңсеру үшін жоспарлы жұмыс пен педагогика керек. Көптеген мәселелердің түп-тамыры - қоғамның кейбір құндылық атаулыларды үнсіз қабылдауында жатыр. Осыған байланысты қалыптасып қалған парадигманы өзгерту бағытында педагогиканы дамытудың маңызы зор. Идеялар әлемді билейді. Оның күш-қуаты қылыштан да қайратты. Бейбіт әлемді құру үшін білім культына басымдық беру керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада кеше басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда.

 

Соңғы жаңалықтар