Туып-өскен жерімді қатты сағынып жүрмін - Ержан Максим

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ержан Максим – Ресейдегі ең танымал, ауқымды «Голос.Дети» жобасының жеңімпазы, талантты қазақстандық жас әнші. Аталмыш шоудың финалына жеткен жас өренге мыңдаған тыңдарман дауыс беріп, нәтижесінде ол асқан танымалдылыққа ие болды. Бойындағы талантымен тыңдарманды тәнті еткен 12 жасар Ержан биылғы Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision Song Contest 2019» ән байқауында Қазақстанның намысын қорғайды. Бүгінде ол «Балалар Еуровидениесі» байқауына қызу дайындық үстінде. Десе де, ол бізге сұхбат беруге уақытын бөлді.

- Ержан, сәлем! Сұхбаттасуға келісіміңді беріп, уақыт тапқаныңа көп рахмет. Кезекпен бастайықшы. Қазір Ержан Максим отбасымен Ресейде тұрады, Игорь Крутойдың академиясында білім алып жатыр. Солай ма?!

- Сәлеметсіз бе. Сіздерге де рахмет. Иә, мен, әкем және анам үшеуміз бүгінде Ресейде, Мәскеу қаласында тұрып жатырмыз. Игорь Крутойдың академиясында оқимын.

- Академиядағы бір күніңнің кестесімен бөлісе отырсаң....

- Игорь Крутойдың музыкалық академиясына аптасына 2 рет барамын. Сабағым сәрсенбі, бейсенбі күндері кешкі 18.00-де басталады. Бірінші сабақ - вокал. Одан кейін екі сабақ хореография болады. Бейсенбі күні бір сабақ - вокал, екі сабақ - актерлік шеберлік.

- Сабағың, Ресей елі ұнап жатыр ма өзіңе?

- Сабағым, әрине, ұнап жатыр. Мәскеу де ұнайды. Бәрі жақсы, бәрі тамаша. Бірақ өз елімді сағынамын, әсіресе туып-өскен жерім - Оралды қатты сағынып жүрмін. Бүгінде атаулы үлкен шараларға қатысу үшін арасында Қазақстанға келіп-кетіп жүрмін.

- Сен қазіргі таңда дүние жүзіне танымал ресейлік «Голос. Дети» телевизиялық жобасының жеңімпазысың. Бұл жобаның сенің өміріңдегі орны қандай?

- «Голос. Дети» жобасы маған ең алдымен танымалдылық әкелді. Мені тек Қазақстан емес, өзге елдер де тани бастады. Ресейлік, қазақстандық шоу-бизнестегі өнер жұлдыздарымен таныс болдым. «Голос. Дети» жобасы қатысушыларының ватсапта чаты бар. Сол арқылы бәрімен хабарласып тұрамын.

- «Junior Eurovision Song Contest 2019» халықаралық байқауына санаулы күндер қалды. Дайындық қалай?

- «Еуровидение» байқауына қызу дайындық үстіндемін. Конкурста орындайтын әнімнің бірінші шумағы мен қайырмасы ағылшын тілінде болғандықтан, ағылшын тілінің курсына барып жүрмін.

- «Junior Eurovision Song Contest 2019» байқауының биылғы қатысушыларын, яғни өзіңнің қарсыластарыңды танисың ба, көрдің бе? Олардың өнерін қалай бағалайсың?

- Қатысушы балаларды интернет желісінен ғана қарап, сырттай танып жүрмін. Әрине, қарсыластарым оңай емес. Бәрі талантты. Барлығының орындайтын әні әдемі.

- Байқаудан не күтесің?

- Әрине, барлығы жеңістен үміттенеді ғой. Тым болмаса, үздік үштіктің қатарынан көрінсем, соның өзі - мен үшін үлкен жеңіс. Бұл жарысқа елімнің атынан бара жатқандықтан, үлкен абыроймен әнімді орындап шықсам, жеңіс тұғырынан көрінсем деген арманым мен мақсатым бар.

P.S. Қазақстан 2019 жылдың 24 қарашасында Польшаның Гливице қаласында өтетін халықаралық «Junior Eurovision Song Contest» ән байқауына екінші рет қатысады. 9-14 жас аралығындағы орындаушылар қатысатын «Eurovision» аналогында елімізді Ержан Максим таныстырады. Қазақстанның аумағында байқауды «Хабар» телеарнасы трансляциялайды. «Хабар» агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі саналады, бұл мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар