Түйнеме жұқтырған 14 адамның алтауы әлі ауруханада - Денсаулық сақтау министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның төрт облысында түйнеме жұқтырған 14 адамның сегізі ауруханадан шықты. тағы алты адам стационарда ем қабылдауда.

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Бауыржан Байсеркин мәлім етті.

«2016 жылдың 8 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Қазақстан бойынша 16 адам түйнеме жұқтырған. Алматы облысында үш адам, Шығыс Қазақстан облысында екі адам, Қарағанды облысында сегіз адам (өкінішке қарай, екеуі қайтыс болды), Павлодар облысында үш адам осы аурумен ауырған. Аман қалған он төрт адамның сегізі қазір ауруханадан шыққан, тағы алты адам стационарда ем қабылдауда», - деді Б.Байсеркин.

Оның айтуынша, ауруханада жатқан алты адамның біреуі - Қарағанды облысының тұрғыны, екеуі - Шығыс Қазақстан облысының, үшеуі - Павлодар облысының тұрғындары. Жағдайы өте ауыр болған Павлодар облысының екі адамының жағдайы жақсарған, тағы бір адамның жағдайы тұрақты. Сондай-ақ, осы адамдармен байланыста болған 301 адам толық медициналық зерттеуден өткен.

Соңғы жаңалықтар