Түймебаев ЖОО-ларды экономиканы дамытуға үлес қосуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Университеттер облыс экономикасының дамуына өз үлесін қосуы керек.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін аралап, танысу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына қанық болған әкім, ондағы білім беру-ақпараттық және электронды ресурстық орталығы мен түрлі зертханалық бөлімдерді аралады. Атап айтқанда, университеттің құрылыс материалдары, өсімдік шаруашылығы, тігін цехы, мұнай-газ салаларына қатысты бірқатар орталықтарын көріп, студенттермен және оқытушылармен тілдесті.   

Өңір басшысы жоғары оқу орнының ректоры Ж.Мырхалықовқа жүйелі жұмыс жүргізуде бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мәселен, әкім М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары облыстағы өндіріс орындарында жаңа инновациялық технологияларды ендіру бағытында жұмыс істеп, жергілікті тауарларды шығару арқылы өңір экономикасын дамыту керектігін айтты. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстанда шығатын табиғи құрылыс материалдарының каталогын жасап, оларды жергілікті құрылыста кеңінен пайдалану мәселесіне атсалысу мен жарық диодтардың түрлерін шығаруды ойластыру жайын нұсқады.

Болашақта Шымкент қаласында ұйымдастырылатын ашық мұражай байқауына аталған оқу орнының ұжымы мен студенттерін белсенді қатысуға шақырған облыс әкімі, бірлескен жұмыстар арқылы өңірімізді көркейту керектігіне тоқталды.

Сонымен бірге, оқу орнын аралау кезінде Ж.Түймебаев университеттің «Жеңіл тамақ өнеркәсібі», «Педагогика және өнер» факультеттерінде білім алып жүрген болашақ тігіншілермен, дизайнерлермен тілдесіп, ұлттық нақыштағы киімдердің тек мерекелік кештерге арналғанын ғана емес, күнделікті тұрмыста киюге болатын нұсқаларын тігуді ұсынды. Қазақ ұлттық киімдерінің маусымдық түрлеріне де назар аудару қажеттігіне тоқталған аймақ басшысы, киім-кешектерді өткізу мен тапсырыс беру мәселесінде әкімдік тарапынан барынша қолдау болатынын жеткізді.  

М.Әуезов атындағы ОҚМУ 65 жылдан аса тарихы бар жоғары техникалық және гуманитарлық білім берудің екі үлкен мектебінен құралады. Мұнда 81 мамандық бойынша күндізгі және сыртқы оқу түрлерінде 20 мыңға жуық студент оқиды.  Қазіргі кезде университетте 1461 оқытушы ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуда. Олардың ішінде 2 Ұлттық ғылым академиясының академигі, 117 ғылым докторы мен профессорлар, 500-ге жуық ғылым кандидаты мен доценттер қызмет етеді.

 

Соңғы жаңалықтар