Түйеге арнап ер шапқан шебердің ер тұрманына шетелден сұраныс мол

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Төлебилік қолөнерші Құрбанәлі Ағадилов - бір шоттың көмегімен ер шауып, ер тұрман жасап жүрген азамат. Тіпті, тарихта алғаш рет түйеге ер жасап, көпшілікті таңқалдырған жанның бірі. Сондай-ақ, шебер қазіргі кезде қазақ тарихындағы ер тұрманның 23 түрін түгендеп кітап жазып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ұстаға 300-ге жуық адам арнайы тапсырыс беріп, алатын ерін күтіп жүрген жайы бар.

Оның көпшілігі - Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау секілді ел аумағының тұрғындары. Тіпті, ішінде Қырғызстан мен Өзбекстан және Мәскеуден де тұтынушылар бар екен.

Төлеби ауданы Достық ауылының тұрғыны Құрбанәлі Ағадиловтың бұл кәсіпті қолға алғанына 30 жылға жуық уақыт болған. Осы уақыт ішінде ол 3000-нан астам ер шапқан.

Алғашқыда аптасына 3-4-еуін жасап, базарға өткізіп, күнелткен. Ал, қазіргі кезде арнайы тапсырыспен жасайды.

«Алғашқы жылдары тек көкпарға арналған ер шаптым. Тек сонымен күн көрдім. Базарға алып барып 2000 теңгеге өткізетінмін. Ал, оны алыпсатарлар арзан бағада алып, қымбатқа сатады екен. Шынын айтқанда олар менен көп пайда тапты. Кейіннен сәндеуді, қаптауды, әшекейлеуді қолға алдым. Менің жасаған ерімді сыйлыққа алған шетелдіктер көп. Еліміздегі сыйлы азаматтарға да сыйға беріліп жатыр. Біршамасы музейлер мен мұражайларда тұр. Мәселен, біреуін 2004 жылы Ілияс Жансүгіровтың баласы Саят Жансүгіровке сыйладым. Ол Талдықорғандағы әкесінің атындағы мұражайға қойды. Қолтаңбамның үлкен құрметке ие болып жатқанына қуаныштымын» - дейді ұста.

Құрбанәлі Арыстанбекұлы әлемде тұңғыш рет түйеге арнап ер шапқан. Оны да бір танысының өтінішімен орындапты.

Сәтті шыққан жоба көпшіліктің таңданысын туғызып, қызығушылығын оятты.

«Жалпы түйеге негізі қом салынады. Сондықтан түйеге арнап ешкім ер жасамаған. Мен бұл істі бірінші рет қолға алдым. Танысым өтініш айтты. Бардым. Бір өркешті түйе екен. Өркешін өлшедім. Екі ер істедім. Сәтті шықты» - дейді ол.

Шебер ер шабу үшін қаратал, терек ағаштарын пайдаланады. Станогы бар цех иелеріне арнайы тапсырыспен кестіріп, кептіріп алады.

Ал, бұрындары облыс аумағын аралап, көлікке өзі артып алып келетін. Қараңғы, желсіз жерде кептіріп, екі жылдан соң пайдаланатын.

Ал, қазір бұл процесті станок арқылы жасатады. Қалған жұмысты түгел бір шоттың көмегімен атқарады.

«Англиядан бір ер тоқымды 7 мың долларға алып келіп жатқандарды көрдім. Сапасы көңілімнен шықпады. Ал, біздің қолмен шабатын ерлер одан 100 есе артық. Бағасы 1000 долларға жетпейді» - дейді ол.

Ұстаның шапқан ерлері сынып қалатын болса, жаңасын тегін береді. Яғни, сапасына кепілдік бар.

Ал, әдейі балталап сындырғандар үшін мұндай жеңілдік жоқ.

«Менің жасаған ерім 3 тоннаны көтеруі қажет. Ал, жылқы 500 келі тартады. Сондықтан ат құласа ер емес, аттың белі сынуы керек. Өткенде бір кісі келді. 15 жыл бұрын ер шауып берген екенмін. Сындырып алыпты. Жаңасын тегін бердім. Шамам жетіп тұрса, шауып беремін» - дейді ол.

Құрбанәлі Ағадиловтың ең қымбатқа сатқан ері 8500 долларға бағаланған. Таза күміспен әшекейленген ер тоқым 2004 жылы елордадағы Бәйтеректе көрмеге қойылыпты.

Қолөнер шеберін бүгінде арнайы іздеп келушілер көп. Арасында шетелдік азаматтар да бар.

«Өткенде Мәскеуден тапсырыс түсті. 2,5 жылдан кейін аласың дедім. Себебі, менде тапсырыс көп. Үлгере алмаймын. Ол да күтетінін айтты. Бірақ бағасын сұраған жоқ. Себебі, еңбектің жұмысын білетіндер нақты бағаға алады. Мен де қымбат айтпаймын» - дейді шебер.

Бүгінде ұста ер тұрманның түрлерін түгендеп кітап жазып жатыр. Одан бөлек, түпнұсқаларын дайындауда. Бар мақсаты - ер тұрманның 23 түрін түгендеп, көпшілік назарына ұсыну.

«Архивтерді ақтардым, кітаптардан іздедім, бірақ ердің 23 түрін толық таппадым. Мәлімет өте аз. Сондықтан қазір өзім кітап жазып жатырмын. Онда ер тұрман туралы жазылған жазбалар мен ердің қалай шабылатынын, жасалатынын көрсеттім. Сонымен қатар, қамшы туралы да қосып жатырмын. «Қамшыны қалай алып жүру керек, қалай ілу қажет?» деген сұрақтарға жауап беремін. Қазақта қамшы туралы 150 мақал бар. Соны кірістіріп отырмын. Қазір ердің 15 түрін шауып қойдым. Қалған 8-ін алдағы уақытта жасап бітіремін» - дейді ол.

Құрбанәлі Арыстанбекұлы ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ат әбзелдерін дайындайтын орталық ашу керек деп есептейді.

Сонда жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, өңірге туристер тартуға да мүмкіндік тумақ.

«Бізге мемлекет тарапынан орталық ашу керек. Онда балалар теориялық білім алса, қасындағы ағаш, темір, тері илейтін цехтарда тәжірибесін шыңдайды. Әрі жасаған бұйымдарын сатып, қаржы табады. Әрі мұндай орталықтар туристердің де қызығушылығын арттыратыны анық. Ең бастысы - жұмыссыздықты азайтар едік» - дейді шебер.

Құрбанәлі Ағадилов ер тұрманнан бөлек, сандық, бесік, былғары және зергерлік бұйымдарды жасаумен айналысады.

Сонымен қатар, биыл ат баптау ісін қолға алып отыр. Асыл тұқымды «Найзағай» деп аталатын жылқысын мініп, көкпар шабады.

Жастарды да қолөнерге баулып, білгенімен бөлісіп келеді.


Соңғы жаңалықтар