Тұтынушының сауаттылығы тауар сапасының артуына ықпал етеді - Романовская

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сауатты тұтынушы тауар мен қызмет сапасының артуына үлес қосады. Бұл туралы Алматыда Тұтынушылар Ұлттық Лигасының 25 жылдығына қатысты ұйымның жаңа бағытымен таныстырған аталған Лига президенті Светлана Романовская мәлім етті.

«Біз сотқа дейін және сот барысындағы дауларды шешуге ат салысатын едік. Нормативтік база жасақталуға да өз үлесімізді қосып келеміз. Енді тауарлар және қызмет нарығында өркениетті қарым-қатынастың құрылуына әрекет етеміз. Яғни, енді халықты ақпараттандырумен айналысамыз», - деген Романовская бұл саладағы негізгі атқарылатын жұмыстарын түсіндіріп берді.

«Тұтынушы таңдау жасағанда өте мұқият болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену қажеттігін айтты. Біздің бизнес бәсекеге қабілетті болмай тұрғанда әлемдік үздік 30-дыққа қалай енеміз? Бизнес қашан бәсекеге қабілетті болады? Қашан бізде тұтынушы сауатты болып, тауар я көрсетілген қызмет сапасы туралы кәсіпкермен кері байланысқа шығып, өз талаптарын қоя білгенде бәсекеге қабілетті боламыз. Осындай қадам арқылы тұтынушы өзіне құрмет көрсеттіріп қана қоймай, кәсіпкердің жауапкершілігін арттырады. Сауатты тұтынушы біздің өмір сапамыздың артауына үлес қосады деп ойлаймын», - деді Лига Президенті.     

Сонымен қатар, ол 2016 жылы Ұлттық тұтынушылар лигасында ұйым мүшелерінің жалпы жиналысы өтіп, онда 25 жылдық құрметіне Лигаға мүшелікке өту жарнасы енді алынбайтыны туралы шешім шығарылғанын айтты.

Айта кетейік, Ұлттық тұтынушылар лигасында тұтынушылардың бұзылған құқығын қалпына келтіру, құқық бұзылғанда келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеуге көмектесетін «Заңгерлік қорғау және сотта мүдделерді қорғау» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Лига мамандары медиация, сот арқылы тұтынушыларға 2016 жылы 57 938 870 теңгенің материалдық шығынды қайтарып беруге, 25 676 340 теңге маральдық шығынның өтелуіне ықпал еткен. 

Соңғы жаңалықтар