Тұтынушылық несие нарығындағы проблемалар қалай реттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған. Бірінші бағыт - қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуіне ынталандыру үшін Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтеріне шоғырлануға ниетті. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясаты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту. Ал қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын жаңадан құрылатын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылып отыр», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа Агенттік Ұлттық Банк сияқты ҚР Президентіне тікелей бағыну және республикалық бюджет есебінен қаржыландыру ұсынылды. Сонымен қатар қызметшілердің мәртебесі Ұлттық Банк қызметшілерінің мәртебесіндей болады. ҰБ мен жаңа агенттіктің қызметі тығыз үйлеседі. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк пен Агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.

Мұнымен қоса, қайталауды болдырмау және қаржы секторына жүктемені азайту мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі мен Агенттік үшін бірдей қолжетімді болуымен статистикалық және реттеушілік ақпараттың бірыңғай базасы құрылады.

Е Досаевтың айтуы бойынша заң жобасының екінші бағыты бұл -реттеуші арбитраж және тұтынушылық кредиттеу нарығында жүйелік проблемаларды жою.

«Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбай өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу мен қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі», - деп хабарлады ол.

Бүгінде тұтынушылық кредиттер портфелінің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады - ол онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар. Сонымен қатар, реттелмейтін субъектілер тарапынан қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылауы байқалады

«Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына кредиттеудің барлық субъектілерін енгізе отырып, оны кеңейту ұсынылады. Заң жобасында банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді», - деді Е. Досаев.

Ұлттық Банк төрағасы заң жобасында әрбір көрсетілген субъектінің қолданыстағы бизнес-үлгісін өзгерту көзделмейтінін, тек қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге байланысты талаптар енгізілетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар