Тұтынушылардан қосымша ақы алып келген компанияға айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті прокуратура ұйғарымы негізінде «Жылыойгаз» ЖШС-нің «Табиғи монополиялар туралы» Заң талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тексеру барысында «Жылыойгаз» ЖШС-нің қолданыстағы газ құбырын тарту, іске қосу және тұтынушылардың газ жабдықтарына газ жіберу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша ақы алатыны анықталды.

«Бұл ретте, «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 24-бабы 10-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, реттеліп көрсетілетін қызметті қолжетімді ету немесе реттелетін қызмет көлемін ұлғайту кезінде тұтынушыға желіге қосылудың техникалық шарттарын сақтауды қоспағанда, өзге талаптар қоюға тыйым салынады. Осыған байланысты департамент «Жылыойгаз» ЖШС-іне қатысты заңсыз тәжірибені тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Бүгінде бұл ұйғарым орындалды. ӘҚБтК-нің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес, кәсіпорынға 980 160 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлады департаменттен.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысының экологиясына зиян келтіріп отырған кәсіпорындар аталғанын жазған болатынбыз. Өңірде соңғы 5 жылда экологияны бұзуға қатысты 47 оқиға тіркелген.


Соңғы жаңалықтар