Тұтынушылар шағымын сотқа жеткізбей шешу керек – Бақыт Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылар шағымын қарастырудың үш жаңа деңгейін түсіндірді, , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Қазақстандағы тұтынушылар саны 18,7 миллион адамды құрайды, олар күн сайын 6 миллионнан аса тауарлар мен қызметтерді сатып алу транзакцияларын жүзеге асырады. Биыл қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн теңгеге қызмет алды. Олардың ішінде сауданың негізгі үлесі тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық заттарға, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операцияларына, демалыс қызметтеріне тиесілі», - деп атап өтті министр Үкімет отырысында. Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне 19 орталық және 17 жергілікті атқарушы орган кіреді. Жеке тұлғаларға мемлекеттік органдар білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс және т.б. салалардағы квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірге 574 қызмет көрсетеді.

«Бұл ретте, жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Сондықтан, тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және «қайталанатын қателермен жұмыс істеуге» деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады. Статистика тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. Тұтынушыларды мазалайтын сұрақтар жалпы жылдан-жылға қайталанып отырады, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларында», - дейді Б. Сұлтанов.

2017 жылы мемлекеттік органдарға 23 мың, 2018 жылы 21 мыңнан астам, ал 2019 жылы 30 мыңға жуық өтініштер келіп түскен.

«Биыл тек Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады. Бүгінде өтініштерді жинақтау мен талдау «қолмен басқару» режимінде жүргізілетінін және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын және толық көріністі көрсететін автоматизация мен жеткілікті мағлұматтың жоқтығын атап өткім келеді. Аталған бірқатар мәселелер биылғы шілде айында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына енгізілген түзетулер арқылы шешіледі», - деді министр.

Заңды әзірлеу барысында министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеген. Тұжырымдамалық негізге ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынған.

«Мысалы, Германия, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ, Германия, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланады. Шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген», - деп түсіндірді Б. Сұлтанов.

Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде – тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген.

«Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешілуіне жағдай жасау. Сот жүйесі осы бағыттағы проблемаларға тұтынушылық көзқараспен қарап, дауларды тез арада шешуге мүдделі болуы керек», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар