Тұтынушы үшін 1 текше метр ауыз су құны 40 теңгеден аспауы тиіс - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кент ішіндегі желілермен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын Бірыңғай оператор құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында министр сумен жабдықтау мен су бұру секторында пысықтауды қажет ететін проблемаларды атады.

«Біріншіден, бұл - коммуналдық кәсіпорындар теңгеріміндегі сумен жабдықтау мен су бұру оқшау жүйелерінің тиісінше пайдаланылып, күтіп ұсталмауы. Аталған проблема олардың тез тозуына алып келеді. Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау және су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін реконструкциялау немесе жаңаларын салу жеткіліксіз, олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек», - деді ол.

Оның айтуынша, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының базасында кент ішіндегі желілермен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын Бірыңғай оператордың жұмыс істеуі бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Ол үшін коммуналдық меншіктегі осы нысандарды кезең-кезеңімен бірыңғай операторға беру қажет болады.

«Бірінші кезеңде әкімдіктер теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі. Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілермен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі деп жоспарланған. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауылдарда сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру секторын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мұнан басқа, қызметтер суды топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетіледі», - деді С.Омаров.

Министр субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті тұтынушы үшін 1 текше метр ауыз су құны суды есепке алу аспаптары болса, 30 теңгеден, олар болмаса, 40 теңгеден аспауы тиіс екенін баса айтты.

«Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін пайдалануды жергілікті атқарушы органдар мен жеке ұйымдардың қарамағына қалдырған жөн», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар