Түсініспеушіліктің соңы осыған әкелді - Серік Сәпиев АІВА-ның ХОК мүшелігінен шығарылуы жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев АІВА-ның Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелігінен шығарылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпара тілшісі.

«Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) өз ішіндегі келіспеушілік, түсініспеушіліктің ақыры осыған алып келді. Менің ойымша, АІВА өз ішіндегі қандай да бір ішкі қарама-қайшылықты, бәлкім саяси текетіресті реттеуі керек. Ортақ пайымға келіп, боксты дамытуы тиіс. Әлбетте, бәрі де бокстың Олимпиада ойындарының құрамында болғанын қалайды. Барлық федерациялар арасындағы қарым-қатынас реттелуі тиіс», - деді Серік Сәпиев бодибилдингтен елордада өтетін Орта Азия чемпионатына арналған баспасөз мәслихатынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне.

Комитет төрағасы өз сөзінде бокс - ең қызықты спорт түрлерінің бірі екенін атап өтті.

«Оны Олимпиададан алып тастау әлбетте, қиын болады. Бәрі де Халықаралық Олимпиада комитетінің қолында. Бірақ, менің ойымша, АІВА боксты дамыту үшін қолынан келгеннің бәрін жасауы тиіс. Боксты Олимпиада ойындары қатарында сақтап қалу үшін барлық елдердің бокс федерациялары мен ХОК-тың ұстанымдары ескерілуі керек. Бәріміз де боксты сақтап қалу керектігін түсініп отырмыз», - дейді Серік Сәпиев.

Еске сала кетсек, Халықаралық бокс қауымдастығын (АІВА) Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелігінен шығарып жіберген болатын.

Соңғы жаңалықтар