Тұсауын кескенде таңдағаны – кітап: Тоғыз жасар қыз бір жылда 100 кітап оқыған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Үш-төрт күнде бір кітап оқып тауысатын Алима Шарыпқанның жасы – небәрі 9-да. Құр оқып қана қоймай, мән-мағынасын санаға түйіп, ой қорытады. Қажет десең хикаят желісін жатқа айтып беруге дайын. Кітапқұмарлыққа әжесінің тәрбиесі себепкер болыпты. Соның нәтижесінде озат оқушы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ұйымдастырған «Кітап оқу көшбасшысы» сайысының жеңімпазы атанды.

Алима Шарыпқан Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 орта мектепте 3А сыныбында оқиды. Жас өреннің әкесі көлік жөндеумен айналысса, анасы инженер болып жұмыс істейді. Үйде ата-апасының тәрбиесін көріп жүрген ол кітап оқуды күн сайынғы әдетіне айналдырған.

- Кітап оқуды апам үйретті. Жатарда ылғи «Жеті лақ» ертегісін оқып беретін. Ол маған «көп кітап оқысаң әке-шешең секілді мектепті кілең бестікке аяқтайсың. Сосын университеттен қызыл диплом алып шығасың» деді. Ең бірінші «Түймедақ» ертегісін оқыдым. Өте қатты ұнады, - дейді Алима.

Осыдан соң қызығушылығы оянып, үнемі кітап оқи бастаған. Оның ішінде «Жабайы қаздар» мен «Ыбырай атамның әңгімелері» ең сүйіктілерінің қатарында. Балалар әдебиетінің шетел классиктерінің қазақ тіліне аударылған ертегілерін де ерекше ықыласпен оқиды. «Хикаяның соңы немен аяқталар екен?» деп оқып тауыспайынша тағат таппайды.

- Алимамен әңгімелескенде көп кітап оқитынын бірден байқайсыз. Тіл байлығы, ойын анық жеткізетіндігі таңқалдырады. Әдебиет пәніне деген қызығушылығы зор. Мысалы, сабақ басында «Балалар біз бүгін осындай шығармамен танысамыз десем», Алима тұрып «Апай, мен оны өткенде оқып тастағанмын» дейді. Эссе жазған кезде де оның жазғанын бірден танимын. Кітап оқығанның пайдасын осыдан-ақ көре беріңіз! Алимадай алғыр оқушыға риза боласың, - дейді сынып жетекшісі Ғалия Ахметқалиева.

Бір ғажабы, Алима тұсауын кескенде алдындағы көп заттың ішінен кітапты таңдап алыпты. Енді міне, сол білім бұлағын қолынан тастамай келеді. Тек қазақ тілінде емес, орысша да, ағылшынша да кітаптар оқиды. 9 жасар оқушымен кездескенімізде оның есте сақтау қабілетіне таңдай қақтық. Оқыған туындыларын қаз қалпында айтып бере алады екен. Ести бергің келеді.

2021 жылдың соңында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Кітап оқу көшбасшысы» атты сайыс ұйымдастырған. Кітапқұмарлар додасына Шәкәрім атындағы мектептің шәкірті де қатысты. Жыл көлемінде 100 кітап оқыған қаршадай қыз сондағы әділқазылар алқасының әр туынды жайлы сұрақтарына еш кідірместен тақылдатып тұрып жауап берген. Сөйтіп, бірауыздан талабы таудай Алима жеңімпаз болып танылды.

Бұл отбасы мен мұғалімдер үшін үлкен қуаныш болғаны сөзсіз. Сыныптастары да мектепке келгенде оны қоршап алып, «Соншама кітапты қалай оқып тауыстың?» деп сұрақтың астына алыпты.

- Оқушымыздың осындай жетістікке жеткені жайлы Whatsapp мессенджеріндегі ата-аналар тобына бөліскен едім. Ал олар балаларына «Күні бойы телефонға телміргенше Алима сияқты кітап оқығаның дұрыс» деп ақыл айтыпты. Өзгеге үлгі болған қызымыз сыныптастарының ортасында сыйлы, бәрімен тіл табысады. Балалар да одан білмегендерін сұрап жүреді. Бірде «Бейнелеу өнері» сабағында «Бет-бейнесінен жылылық сезіліп тұратын адам кім?» деп сұрағанымда «біздің Алима» деп жауап берген балалардың бірін бәрі қостай жөнелген-тұғын, - деді Ғалия Ахметқалиева.

3А сыныбында 24 бала білім алады. Оның 15-і қыз, 9-ы ұл. «Сүйікті пәндерің қандай?» деп сұрадық Алимадан. «Әдебиет, математика және жаратылыстану» деп жауап берді. Ал «Өскенде кім боласың?» дегенімізде:

- Режиссер болғым келеді. Театрда спектакль қойсам деймін. Сынып жетекшіміз бізді театрға жиі апарып тұрады. Соңғы рет «Маугли» ертегісіне бардық. Кітап оқудан бөлек, домбыра, сурет салу және ағылшын тілі үйірмелеріне қатысып жүрмін, - деп жауап берді Алима Шарыпқан.

P/S:

«Қазіргі балалар кітап оқымайды!» деп көпке топырақ шашуға болмасына көзіміз жетті. Қоштасып бара жатып, болашағынан зор үміт күттіретін өренге ізгі тілегімізді арнадық. Сол кезде көкейімізге Қабдеш Жұмаділовтың «Кітап оқитын адам ешкімге қиянат жасамайды» деген сөзі оралды.


Соңғы жаңалықтар