Туроператорлар Тараз, Шымкент, Түркістан, Ақтаудың туристік әлеуетін бағалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының туроператорлары Қазақстанның оңтүстік өңірінің туристік әлеуетін бағалап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kazakh Tourism компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпараттық тур аясында Тараз, Шымкент, Сарыағаш пен Түркістанды алты күннің ішінде аралап үлгерген сала мамандары аталған қалалардағы туристік өнімді әзірлеу мен оны нарықта ілгерілетуге қатысты нақты тұжырымға келді. Туроператорлардың пікірінше, тарихы тереңінен бастау алатын, әрі Ежелгі Ұлы Жібек жолының бойындағы қалалар үшін жолдамаларға сұраныс жоғары болады. Оған шетелдік туристер ғана емес, қазақстандықтар да қызығушылық танытады деген сенімде.

Сондай-ақ, ақпараттық турдың қатысушылары әр жерде кездесетін, бірақ түп тамыры бірдей мәселенің барлығын аңғарды. Оның ішінде, шет тілдерін меңгерген экскурсия жүргізуші мамандардың тапшылығы, туристік маңызы бар нысандарда қолайлы жағдайдың жоқтығы, меймандарды күту мәдениетінің әлі қалыптаса қоймағандығы, шипажайларда ем-домды ұзақ қабылдайтындарға арнайы мәдени бағдарламаның ұйымдастырылмайтыны сынды мәселелер тездетіп шешімін табуы тиіс.

«Мұндай ақпараттық турларды ұйымдастыру арқылы біз ел ішілік тур бағдарламасына қандай нысандарды енгізуге болатынын анықтай аламыз. Сондай-ақ, болашағы бар тур өнімдерді қалыптастыру үшін әлі қандай істер атқарылу қажеттігі жайлы ұсыныс бере аламыз», - дейді ақпараттық турға қатысушылардың бірі Салтанат Абжанова.

Туризм саласында еңбегі сіңген қызметкердің пікірінше, дәмханаларда ас мәзірін үш тілде дайындау мен мәдени бағдарламаны қалыптастыру сынды әрбір ұсақ-түйектің туристің жадында сақталары анық.

Естеріңізге сала кетсек, екінші ақпараттық турдың аясында туристік компаниялардың өкілдері Тараз-Шымкент-Сарыағаш-Түркістан-Ақтау бағыты бойынша сапарда жүр. Ақпараттық турдың мақсаты –әр өңірдің туристік әлеуеті жайлы мәлімет жинап, ішкі туризмнің дамуына серпін беру. Ақпараттық тур қарашаның 9-на дейін жалғасты. Сапар Ақтау қаласында аяқталды.

Айта кетерлігі, республикалық ақпараттық тур биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін, мамыр айында өткізілген ақпараттық турға еліміздің батысындағы 4 аймақтан жиналған туроператорлар Нұр-Сұлтан – Бурабай – Шымкент – Сарыағаш – Алматы – Алматы облысы – Шығыс Қазақстан облысы бағыты бойынша сапар шеккен болатын.

Еске сала кетсек, ақпараттық тур мүшелері ең алдымен Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласына барған еді.

Соңғы жаңалықтар