Турникке тартылу эстафетасы Мейрамбек Беспаев пен Қалқаман Саринге жолданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының эстафетасын іліп әкеткен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар салауатты өмір салтын насихаттайтын акцияны әнші Мейрамбек Беспаевқа және ақын Қалқаман Саринге жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

«Мемлекеттік қызметшілер қазақстандықтарға жұмысбастылық пен психологиялық қысымдарға қарамастан, кез келген адам өзінің дене қалпын қалай сақтап жүруі керектігін көрсетуді бастап кетті. Бұл жолы Street Workout Challenge бастамасына Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен облыс орталығының спортшылары қолдау білдіріп, физикалық машықтарын паш етті», - делінген хабарламада.

Аздап жүгіріп келгеннен кейін акцияға қатысушылар Талдықорғандағы Street Workout алаңдарының біріне келді. Қатысушылар брусяда және турникте жаттығу жасап жатқан кезде біршама халық та жиналып қалды. Тұрғындар асқан шеберлікпен турникте құбыла жаттығу жасаған өңір спортшыларының өнерін тамсана бақылады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасын іліп әкеткен Жақсылық Омар өзінің әріптесі - Алматы облысы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа, сонымен бірге белгілі әнші Мейрамбек Беспаевқа және ақын Қалқаман Саринге жолдады.

Еске сала кетсек, «Street Workout KZ» акциясын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап берген болатын. Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны өзі бастап, «Street Workout KZ» байқауын - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке, танымал әнші Қайрат Нұртасқа, танымал қазақстандық актер Әділ Ахметовқа жолдаған еді.

Ал бұдан кейін боксшы Бақтияр Артаев пен таэквондошы Арман Чилманов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Street workout KZ бойынша бастамасына қосылды.

Акцияны кейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Бейжің Олимпиада ойындарының таэквандодан қола жүлдегері Арман Чилмановтан эстафетаны қабылдап, Сочи Олимпиада ойындарының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаровпен бірге бейне-үндеу түсірген. Роликте спортшылар барлық қазақстандықтарды street workout-пен айналысуға шақырды.

Айта кетерлігі, бұған дейін аталған акцияға Қанат Ислам да атсалысып, эстафетаны дәл осы Ардақ Назаровқа жолдаған еді. Спортшылармен бірге эстрада жұлдыздары да, шетелдегі қазақ студенттері де белсенді түрде қатысуда.

Соңғы жаңалықтар