Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа айыптыларды қандай жаза күтіп тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасындағы «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы заңнамадағы соңғы өзгерістерге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші ескерту жасалады деп айттыңыз. Ол ескертуге көнбей, үй ішінің тағы да шырқын бұзатын болса, бұл адам қамауға алынады. Кейін қамаудан шығып, тағы да үй ішінің берекесін алатындарға шара қолдану көзделген бе?», - деп сұрады телеарна тілшісі Бас прокурордың орынбасарынан.

Өз кезегінде Марат Ахметжанов мұндай жағдайда тиісті жаза ескерілгенін атап өтті.

«Ескерту деген бәріне бірден қолданылмайды. Сот істің мән-жайын зерделеп, адамның әрекеттеріне назар аударады. Осы орайда аталған адам жасаған құқық бұзушылығына өкініп жатыр ма? Жәбірленуші оны кешірді ме? Толық мойындап, келтірген залалын өтеп жатыр ма? Яғни бұл жағдайлардың барлығына баға беріліп, сосын ғана ескерту жасалады. Ал егер бұл құқық бұзушылық қайталанып жатса, ол адам 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Екі және одан көп мәрте қайталанса, онда бұл іс қылмыстық қудалауға жатады», - деп түсіндірді ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Бұл тұрғыда жүйелі түрде жәбірлеу мәселесі ескеріліп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр.

«Сотта қаралғаннан кейін, сот шешімі қабылданған жағдайда, осы оқиғалар тізімге енгізіледі. Бұл фактілер жабулы қазан күйінде қалмайды, яғни осының барлығы мінездеме ретінде қаралады», - деді ол.








Соңғы жаңалықтар