Тұрмыстық жағдайдың жақсы болуы сапалы білім берудің бір алғышарты - профессор Зәмзәмия Бейсенбайқызы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Даму да, өсу де, реформа да өздігінен жасалмайтыны анық. Оны жасайтын, яғни бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жеткізетін тек қана білімді де білікті маман екендігі анық. Мұндай ойымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұстазы, қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Зәмзәмия Бейсенбайқызы бөлісті.

«Елбасының биылғы жылдың 30 қарашасындағы Жолдауы елін, жерін қадірлейтін, оның келешегін ойлайтын әрбір азаматтың жүрегіне жылылық ұялатып, ойына ой, қиялына қанат бітірері сөзсіз. Өйткені Жолдаудағы басты мәселе халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты атқарылатын іс-шаралар. Яғни, Елбасы бай да қуатты Мәңгілік елге айналу тек қана өзімізге байланыстылығын тілге тиек ете отырып, негізгі мақсат - өсім, реформа, даму екендігіне арнайы тоқталғаны белгілі. Алайда, даму да, өсу де, реформа да өздігінен жасалмайтыны анық. Оны жасайтын, яғни бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жеткізетін тек қана білімді де білікті маман екендігі анық. Себебі ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. Өйткені білім- қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғарғы құндылық. Демек, білімді де білікті маман қоғамның ең негізгі құндылығы болғандықтан жастарға үлкен сенім артылды. Бұл сенім білім мен тәрбие беретін педагогтарға үлкен жауапкершілік жүктейтіні даусыз. Сондықтан студенттерге берілетін білім оның маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуына негіз болуы міндетті. Яғни, студенттің табиғи қабілетін, ішкі мүмкіншілігін дамыту арқылы оның өз әрекетінің белсенді субъектісі болуына жағдай жасалуы тиіс. Студенттің бойында мұндай құзыреттілікті қалыптастыратын тек қана оқытушы, оның беретін білімі мен тәрбиесі», - деді ұлағатты ұстаз.

Профессор Мемлекет басшысының жолдауында айтылған мұғалімдердің еңбекақысы мен студенттердің шәкіртақысын көтеру туралы ойын өте жоғары бағалады.

«Өзінің бар ғұмырының ең маңызды сәтін ұрпақ тәрбиесіне арнайтын ұстаздар қауымының еңбегі де Жолдауда еленбей қалған жоқ. Мұғалімдердің жалақысының өсуі оларға деген сенім мен құрмет, үлкен қамқорлық. Әрине, барлық мәселені ақша шешпегенімен, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсы болуы сапалы білім берудің бір алғышарты екені даусыз. Демек, ел мұраты, ұрпақ болашағы үшін, тәуелсіздік тұғырының биіктен көрінуі үшін саналы ұрпақ тәрбиелейік», - деді Зәмзәмия Бейсенбайқызы.

Соңғы жаңалықтар