Тұрмыстық келіспеушілікті ұлтаралық кикілжің деуге болмайды – Майя Бекбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ешқандай ұлтаралық кикілжің, дау-дамай жоқ. Керісінше барлық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлтаралық кикілжің армяндар мен әзірбайжан халқы арасында бар. Екі мемлекеттің арасында ұзақ жылдар бойы қақтығыстың болғаны рас. Қазақстанда ұлтаралық кикілжің жоқ. Қазақ халқы барлық ұлт өкілдерімен бейбіт қарым-қатынаста. Сондықтан өз басым Қазақстанда ұлтаралық кикілжің бар деген пікірмен келіспеймін. Бізде барлық ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал жан алысып, қан төгісіп, жауласу жоқ. Ұлттар арасында тұрмыстық келіспеушілік бар, бірақ оны ұлтаралық кикілжің деуге болмайды», - деді Майя Бекбаева елордада өткен «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасының тұсаукесері рәсімінде.

Оның айтуынша, елімізде болып жатқан кейбір тұрмыстық келіспеушіліктер қоғамға бұрмаланып таралып жатыр.

«Қазір интернет заманы. Кез келген адам оқиғаны интернет арқылы тарата алады. Ал болған оқиға қаншалықты шындыққа жанасады ол бөлек мәселе. Және бүгінде ақпарат тез таралады. Қайталап айтамын, біздің елімізде барлық ұлттық бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруде. Таяуда болған Пенжім ауылындағы оқиғаны алсақ, ол жерде оқушылар «сен қазақсың, мен ұйғырмын» деп ұлтын дәлелдеу үшін төбелескен жоқ. Бұл балалар арасындағы өзара келіспеушілік. Өкінішке қарай, қоғамда бұл оқиғаны бұрмалап, теріс жағынан таратушылар болды. Қазақ пен ұйғыр халқының қарым-қатынасы әріден достыққа негізделген. Елімізде қаншама қазақ-ұйғыр отбасы бар», - дейді ол.

Бұған дейін ҚХА қазақстандықтарға «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасын ұсынғаны туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар