Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жолын кесетін кешенді құқықтық механизм қажет - заңгер

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент Жолдауында белгіленген бағдардың бірі – заң және тәртіп. Осы орайда, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңның қабылданғаны дұрыс. Себебі, бұл – түйіні шешілмей тұрған өзекті мәселенің бірі. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы, заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ-ның статистикалық мәліметіне жүгінсек, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мұның 1,8 миллионы – әйел. Сондықтан, бұл заңның көздейтін мақсаты – қоғамның әлеуметтік әлсіз тобын, яғни әйелдер, жасөспірімдер мен қарт ата-аналарды қорғау», - дейді Қазыбек Дәуітәлиев.

Ғалым өткен жылы қоғам талқысына түскен, бірақ қайшылықтар көп болған соң қабылдануы кейінге қалған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңның қажеттігіне назар аударады. Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар ҚР Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұрыннан анықталып қойғанын, сондықтан бұл заңның атқаратын қызметі бөлек екенін айтты.

«Ол – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған кешенді құқықтық механизм. Сондай-ақ, Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилдіктің 30 пайызы отбасы мүшелері, 40 пайызы туысқандар тарапынан болады. Бұл – осы тұрғыдан келгенде өте қажет заң», - дейді ғалым.

Ол сондай-ақ, бұл заңды қабылдау үшін бірқатар теориялық сұрақтарды дұрыс шешу қажет екенін жеткізді.

«Біздің қоғамды ұстап тұрған – отбасы институты. Баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда «отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекет қорғауында болады» делінген. Алайда, заң жобасында «жыныстық бостандық» ұғымы абсолюттендірілуі себепті отбасы құндылығына салқынын тигізуі ықтимал. Адам құқығы мемлекет алдында басымдыққа ие болуы үшін қоғам алдында да осындай тәртіп қолдануы тиіс пе, бұл құқық қағидаларына сай ма деген мәселені тудырып отыр. Қалай болғанда да, бұл заңның өмірге келуі құқықтық мәдениетімізге оң және елеулі өзгерістер әкеледі», - деді Қазыбек Дәуітәлиев.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады.

Президент отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын баса айтты. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар