Түрмеде жазасын өтеушілер көзі нашар көретін балаларға сыйлық жасады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодардағы АП-162/4 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер көзі нашар көретін балаларға сыйлық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталмыш мекеменің бастығы міндетін атқарушы Дәулет Макинге сілтеме жасап.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен АП-162/4 мекемесінің қызметкерлері облыстық мамандандырылған жалпы білім беретін мектеп-интернатына барып қайтты. Көзі нашар көретін мүгедек балалардың мамандандырылған мектебі қауіпсіздікке және денсаулықты жақсартуға бағытталған барлық құрылғылармен жабдықталған. Жазғы демалыс болғандықтан, мектепте қазір балалар жоқ. ҚАЖД қызметкерлерін мектеп директоры Айтжан Смайылов пен әлеуметтік педагог Айжан Қайыр ерекше құрметпен қарсы алды.

«Балалардың арасында хатты Брайль шрифті арқылы оқитындар бар. Олар «сиқырлы қаламға» қол жеткізуді армандайды. Мұндай грифельдерді дүкендерден табу қиын және тапсырыс бойынша ғана әзірленеді. Сыйлықтарыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Балалар бұл әлемнің қызыл-жасыл қызықтарын көре алмауы мүмкін. Дегенмен, олар көмек қолын созған жандардың жылуын сезінеді. Барлық балалар мен олардың ата-аналарының атынан сіздерге рахмет айтуға рұқсат етіңіздер», - деді Айжан Қайыр сотталған азаматтар сыйлаған гриффельдерді алып жатып.

Сотталғандардың қолымен жасалған грифельдерді әзірлеу «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қолға алынған. Жазасын өтеушілер көмекке мұқтаж балаларды қуантуға ерекше ықыласпен жұмылған. Сонымен бірге, темір тордың ар жағындағы адамдар балалар үшін арнайы дойбы тақтасы мен ойыншықтарды да беріп жіберген.

Кездесу соңында мектеп директоры ҚАЖД департаментінің басшылығына Алғыс хат тапсырып, жазасын өтеушілерге балалардың зор алғысын жеткізуді сұрады.

АП-162/4 түзету мекемесінің жазасын өтеушілері көзі нашар көретін балаларға бұған дейін де көмектескен. Осылайша, сотталғандар жазасын өтеумен бірге, қоғамға пайдалы іспен айналысып келеді.

Соңғы жаңалықтар