Түрлі ұлт өкілдері Астанада киіз үй тігіп, уық шаншыды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада түрлі ұлт өкілдері 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ортақ киіз үй құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Киіз үй Nazarbayev University алаңында орнатылды. Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» күн тәртібі бойынша XXXII сессиясы аясында ұйымдастырылды.

Осылайша, Қазақстан халқының бірлігін, үйлесімді этносаралық қатынастарды, қазақтың қасиетті символына құрмет көрсету көзделген.

Салтанатты шараға ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Ондағы әрбір ұлт өкілі өз ұлттық киімін таныстырды. Ер адамдар киіз үйді орнатумен айналысса, әйелдер қазақтың халық әндерін шырқады.


«Бүгін – жыл сайын дәстүрлі бас қосатын ҚХА сессиясының бірінші күні. Киіз үйге келетін болсақ, бұл символдық мәні зор іс-шара болды, онда әртүрлі этнос өкілдері киіз үйдің уығын қадайды. Бұл біздің ортақ шаңырақ құрып жатқанымызды білдіреді, онда бейбітшілік пен амандық орнайды және бейбітшілікті, тұрақтылықты, халық достығын бейнелейді», - деді «Астана қаласының корейлері» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак.


Қазақстандағы «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығының төрайымы Забике Салиева қарақалпақ халқының ұлттық киімімен келді.

«Біздің халқымызда қыз балалар бала кезінен өздерінің келіншек киімін тігеді, сәукелені әсем тастармен көмкереді. Басымдағы сәукеленің формасы – қарақалпақ халқындағы «Қырық қыз» дастанынан, сондағы Гүлайымның образынан алынған. Сәукеле де күміспен, алтынмен, коралл тастарымен, көз моншақпен әшекейленген. Көйлектегі ою «Сырға» деп аталады, бұл қыз балалардың арнайы өрнегі, одан бөлек, жүкті әйелдердің, ер адамдардың өрнектері әртүрлі болады», - деді З. Салиева.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтығын алған 14-15 мың қарақалпақ бар, одан бөлек ықтиярхат арқылы Қазақстанда тұратын, жұмыс істейтін 60 мыңнан астам қарақалпақ бар. «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы аясында жиі бас қосып тұрады.




Соңғы жаңалықтар