Түрлі рейтингтердің соңына түсудің қажеті жоқ - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл іс-қимыл жоспары ұсыныстарын орындауға арналған талқылау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқолыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов ЭЫДҰ ұсыныстарының орындалуы шараларын баяндап берді. Осы орайда ол Қазақстан өткен жылдарда атқарылған жұмыстар бойынша бірқатар позициялар бойынша оңтайлы баға алғанын атап өтті.

Өз кезегінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким еліміз заңнамасы халыққа қолайлы жағдайлар жасауға бағытталауы керектігін атап өтті.

«Негізі, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда басқа елдер бізге міндеттеп отырған түрлі рейтингтердің соңына түсіп, басқа шараларды ұмытудың реті жоқ. Атап айтқанда, сіздердің жұмыстарыңыз екі бағытқа негізделуі керек. Біріншіден, қаржы мен жақсы технологиялар тартылуы үшін инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау керек. Екіншіден, атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесінде халыққа жайлы болатындай қызметтер көрсетілуі тиіс. Ал бұл рейтингтер қарапайым адамға нені береді? Жалпы, осы бағыттағы жұмыстар әрбір адамның мүддесіне қарай іске асырылуы қажет. Тұрғындар кезекте тұру, қызмет алу үшін таныстарды іздеу сияқты жөнсіз әрекеттерге бастарын қатырмауы керек», - деді сенатор ведомстволар өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

Георгий Кимнің атап өтуінше, бүгінде заңнамада қызметкерлерді ынталандырушы шараларға екпін қою керек.

«Біз тәуелсіз елміз, яғни тиісті деңгейге көтеріліп, жан-жақты даму бағытындамыз. Осы орайда бізге сәйкес келмейтін ұсыныстарды қабылдамау еркіндігіміз бар. Атап айтқанда, кейбір жинақталған тәжірибемізге сүйеніп, халықаралық ұйымдарға өздерінің қадамдарын түзетуге ұсыныс жасай аламыз. Бұл тұрғыда өзіміздің тәжірибемізді көрсете алатын жағдайлар бар. Менің ойымша, бүгінде заңнама жазалайтын сипатты жалғастыра бермеуі тиіс, заңнамада ынталандырушы қадамдарды қамтуы керек», - деді депутат.

Фото: www.parlam.kz

Соңғы жаңалықтар