Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт қағидатын берік ұстануымыз қажет - Президент

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан қоғамы «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол беруге болмайды.

«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.

Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс екенін ескертті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар